Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымының төрағасы ретінде барлық мақсат-міндетті толығымен орындады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев самитте айтты. Еліміз ұйымға төрағалық еткен тұста түрлі деңгейде 150-ге жуық іс-шара өткен. Көбінде цифрлық даму, туризм, энергетика, бизнес салаларында форумдар және жастар кеңесі ұйымдастырылған.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
«Ұйымның Шарттық базасы 60 жаңа құжатпен толықтырылды. Атап айтқанда, Есірткіге қарсы стратегия, Экономикалық ынтымақтастық стратегиясын іске асыру жоспары, Қоршаған ортаны қорғау саласындағы келісім, Энергетикалық ынтымақтастықты дамыту стратегиясы және басқа да құжаттар. ШЫҰ серіктестері саналатын халықаралық ұйымдардың қатары көбейді. Инвестициялар жөніндегі арнайы жұмыс тобының қызметі қайта жанданды. Ұлттық валютамен есеп айырысуға көшу үдерісі қарқынды дами бастады».
Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда көлемі 6,5 %-ға өсті
Президент ұйымға мүше мемлекеттер арасында сауда-экономикалық ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанына тоқталды. Сондай-ақ, мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударыла бастаған. Қазір «Шанхай ынтымақтастық ұйымы елдерінің рухани киелі орындары» және «Шанхай ынтымақтастық ұйымы Жібек жолы» бірінші халықаралық музыка фестивалі сынды маңызды жобалар іске қосылды, - деді Мемлекет басшысы. Ал Алматы қаласы ұйымның мәдени және туристік астанасына айналғанын атап өтті. Президент сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту ынтымақтастықтың тағы бір маңызды бағыты екеніне назар аударды.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сауда-экономикалық кооперацияны кеңейту, капитал мен технологияның еркін қозғалысына жағдай жасау, климаттың сын-қатерлерімен күресу – Шанхай ұйымының маңызды міндеттері. Өзара сауда-саттықтың артуы ШЫҰ кеңістігі үшін ортақ үрдіске айналып келеді. Мәселен, Қазақстанның ШЫҰ елдерімен сауда көлемі өткен жылдың қорытындысы бойынша 6,5 пайызға өсті. ШЫҰ-ға мүше елдердің технологиялық базасы үлкен және экономиканың барлық маңызды секторларын дамыту үшін орасан зор нарығы бар.