Еліміздің 4 қаласында террористік қауіптің «сары» деңгейі енгізіледі. Шанхай ынтамақтастық ұйымының саммиті қарсаңында осындай шара қабылданбақ. Яғни, Астана мен Алматы қалаларында, Ақмола мен Қарағанды облыстарында саммитке қатысушылар жүретін жолдарға шектеулер қойылады. 2-5 шілде аралығында жекелеген аумақтарда жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалыстарына шектеу енгізіледі. Кинология қызметі мамандарын тарта отырып, қоғамдық орындарда күзет күшейеді.
Астана полицейлері күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Қалаға кіреберіс жолдарда тексеріс күшейді. Бірақ, азаматтардың қалаға кіріп-шығуына кедергі жоқ. Ал электр самокаттардың жүруіне 5-шілдеге дейін тыйым салынды. Астана әуежайы тәулік бойы күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Тұрақты рейстердің ұшуы кесте бойынша жоспарланған. Саммитті өткізу кезінде тәртіпті бақылауға қосымша жүзден астам қызметкер тартылады. Олардың арасында еріктілер де бар. Ал теміржол бекеттері штаттық режимде жұмыс істейді.