Алматыда автобус апатынан зардап шеккендердің 4-уі ауруханаға жатқызылған. Олардың аяқ-қолы сынған, жағдайлары орташа. Денсаулық сақтау департаментінің өкілдері жалпы 24 адам медициналық көмекке жүгініп, көбі үйлеріне қайтарылғанын хабарлады. Олардың ішінде автобус жүргізушісі де бар. Мұрны мен аяқ-қолы сынған 3 жасөспірім де тиісті медициналық көмектен соң, амбулаториялық емге жіберілген. Ал бір адамның жедел жәрдем келгенше көз жұмғаны белгілі. Автобусқа соғылған жеңіл көлік жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды. Десе де, куәгерлер автобус жүргізушінің де қатты жылдамдықпен келе жатқанын айтқан еді. Нөмірі 18 қоғамдық көлікке жауапты «City Bus» компаниясының өкілдері мұны жоққа шығарып, автобустың жылдамдығы сағатына 38 шақырым ғана болған деп отыр. Жол апатына байланысты қылмыстық іс тергеліп жатыр.
Әйгерім Ердәулет