Елімізде жылу жүйелерін жаңғырту қарқыны төмен. Бекітілген жоспардың 25 пайызы да орындалған жоқ. Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында жылыту маусымына дайындықты сынға алды. Әсіресе, Ақмола мен батыс өңірлерде құрылыс қарқыны баяу. Мәселен, Екібастұз Жылу орталығында жөндеу мерзімі мамыр айынан маусымның соңына ауыстырылған. Теміртауда 2-ші Жылу орталығындағы қазандықты жөндеу жұмысы әлі басталмаған. Үкімет басшысы, Энергетика, Өнеркәсіп және құрылыс министрліктеріне өңір әкімдіктерімен бірге бақылауды күшейтіп, барлық жылу-электр орталықтары мен қазандықтарды 1 қыркүйекке дейін отынмен қамтамасыз етуді тапсырды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Үкімет отырысында жөндеу мерзімдерін ұзартуға және олардың көлемін азайтуға болмайтынын тапсырғанмын. Алайда оператор КЕГОК бекіткен жөндеу жұмыстарының кестесін меншік иелері өз беттерінше өзгертуін доғармай отыр. Биылдың өзінде ғана жөндеу жұмыстарын ауыстыру бойынша кестеге 18 рет өзгеріс енгізілген. Оған әкімдіктер мен Энергетика министрлігінің келісімі де алынбаған. Яғни, аталған фактілер бақылаудың жеткіліксіз екенін көрсетіп отыр. Роман Васильевич, жалпы жергілікті жерлерде шұғыл шешімдер мен барынша қатаң шараларды қабылдаңыз. Жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше назар аударуды сұраймын.
Жандос Темірғали