АҚШ-та қазақстандық оқушылар ұлттық мәдениетті таныстырды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ-та қазақстандық оқушылар ұлттық мәдениетті таныстырды

25.06.2024

Ұлттық мәдениетті насихаттау үшін үлкен болу міндет емес. АҚШ-та бастауыш мектепте оқитын қазақстандық балалар да салт-дәстүрімізді шетелдіктерге таныстырды. Мектеп қабырғасында өткен ауқымды көрмеде Қазақстан бұрышына келушілер аз болмады.

Халықаралық мәдениет көрмесіне түрлі елдердің өкілдері қатысты. Шарт бойынша әр ел өзінің ұлттық ерекшеліктерінен стенд жасап, туы мен ұлттық бұйымдарын және тағамдарын ұсынады. Балалар мемлекеттер туралы ақпаратқа қанығып, ас мәзірімен танысып, туларын жинайды. Бұл орайда Қазақстан бұрышы оқушыларға да ата-аналарына да ерекше ұнағандай. Оның ішінде оюлы түскиіз бен ұлттық киімдерге қызыққандар көп.

Сара Cәдібек, оқушы:

Бүгін біз мәдениетімізді таныстырдық. Көп адамдарға біздің салт-дәстүріміз, бауырсақтарымыз, самсаларымыз ұнады. Менің көйлегім әдемі болғандықтан көп адамдар менімен фотоға түсті.

Көрмеге бауырсақ, тары, жент, май, құрт пен тәттілермен қатар, домбыра, кәдесыйлар мен бұйымдар қойылды. Кейбір америкалықтар қазақ елімен осы шарада алғаш рет танысты.

Мерием Малик, ата-ана:

Әлемнің көптеген елдерін біріктіріп жатқан бұл шара маған өте ұнады. Бұл балаларымызға бір жерде түрлі мәдениеттермен танысып, олардың ерекшеліктерін көруге керемет мүмкіндік. Қазақстанның бұрышы өте әдемі. Мында мәдениеті, асханасы таныстырылған. Киімдері сондай әдемі, қазақтың бай мұрасын көрсетеді.

Лизи Пи, ата-ана:

Бүгінгі шарада біз әдемі ұлттық киімдерді көріп, дәмді нан (бауырсақ) жеп, әдемі әшекейлерді көрдік. Бұл шынымен де ерекше шара.

Ата-аналардың бірі домбыра шертіп, енді бірі ұлттық дәмдерді ұсынып, көрмеге келушілерге қазақы қонақжай болмысты паш етсе, балалар жағы әнұранды шырқап, патриоттық сезімдерін көрсетті.


Жалғас Сәдібекұлы

Хабарламаларға жазылу