Жамбылда әкімдікке қарасты мекеме басшылары қызметтік көліктерді жекеге сатып жібергені үшін сотталды. Талас ауданының тазалығына жауапты «Таза-Талас» кәсіпорнының басшысы мен орынбасары 7 жылға бас бостандығынан айырылды. Коммуналдық мекемеге жауаптылар 5 жылдан бері теңгерімде тұрған төрт көлікті заңсыз есептен шығарған. Талапқа сай арнайы аукцион өткізбеген. Құжат жүзінде жарамсыз көлік ретінде көрсетіп, есептен шығарған. Олар мемлекет мүлкін талан-таражға салу арқылы 22 млн теңге пайда тапқан.
Жалғас Көшербаев, Жамбыл облысы прокурорының көмекшісі:
Әрқайсысына мемлекеттік қызметте лауазымды қызметті атқаруға тыйым салынды. Жымқырылған 4 көліктің 3-еуі мемлекетке қайтарылды және 4-ші көліктің бағасын сотталушылар өз еркімен қайтарып берді.
Данияр Әлімқұл