Ертең полиция қызметкерлері күні - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ертең полиция қызметкерлері күні

22.06.2024

30 бұрын дәл осы күні ішкі істер органдары туралы заң қабылданып, Қазақстан полициясы құрылды. Ал 2007 жылы 23 маусым – елімізде «Полиция күні» ретінде бекітілді. 

Полиция саласында әулетімен қызмет ететін тәртіп сақшылары жетерлік. Солардың бірі - алматылық Альсеровтар отбасы. Отау құрғандарына 14 жыл болған ерлі-зайыпты 7 бала тәрбиелеп отыр. Олар Бостандық аудандық полиция басқармасында еңбек етеді.

Арайлым Альсерова, Бостандық ауданы полиция басқармасының инспекторы:

Біз Асланның ата-анасының қолдауымен балаларды тәрбиелеу мен полиция қызметкері болып жұмыс істеуді ұштастырып отырмыз. Осы үшін оларға үлкен рахмет. Балалар - біздің мақтанышымыз. Олар оқуда, спортта, шығармашылықта жетістікке жетуде. Айтпақшы, бүкіл отбасымызбен спортпен айналысамыз – бұл бізді біріктіреді.

Ал, Орал қаласының полиция майоры Фархат Сейлев ішкі істер органдарында 2006 жылдан бері қызмет етеді. Ол су тасқыны кезінде саяжайда қоршауда қалған әйел адамды құтқарған. Қызметіне адал тәртіп сақшысы күні кеше Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан «Ерлігі үшін»  медалімен марапатталды.

Иә, қауіпсіздікті қадағалап, тыныштықты күзететін сақшылардың қызметі қашан да қарбалас әрі мақтаныш. Полицейлердің кәсіби мерекесі қарсаңында асқан қырағылық пен табандылықты талап ететін қызмет иелеріне құрмет-қошемет көрсетілді. Ел бойынша 1300-ге жуық тәртіп сақшысы марапатталды.

Динара Жарқынбек

Хабарламаларға жазылу