Көкшетау қаласында әкімдер форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көкшетау қаласында әкімдер форумы өтті

21.06.2024

Ауыл-аймақтардағы көлеңкелі кәсіпке тосқауыл керек. Салық төлеуден жалтарып жүрген шағын бизнес өкілдерін қатаң бақылауға алу қажет. Әйтпесе, қазына да толмайды, оң нәтиже де болмайды. Бұл мәселе бүгін Көкшетау қаласында өткен әкімдер форумында талқыланды. Жиын барысында жергілікті билік өкілдеріне бюджетті тиімді пайдалану, елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту жолдары көрсетілді. 

Бүгін алғаш рет ауыл-аймақ басшылары облыс орталығында бас қосты. Күнтізбедегі мәселе көп. Бастысы - қарапайым халықтың әл-әуқатын арттыру. Жиналған 250 әкім осы бағытта жұмыс істеуі керек.

Жиында тасқынға қарсы күрескен бір топ азамат марапатталды. Кәсіпкерлер, еріктілер мен қарапайым тұрғындарға мемлекет басшысының атынан ордендер берілді.

Алқалы жиында көтерілген мәселе көп. Ауылдарды дамыту жоспары әлі де ақсап тұр. Инфрақұрылымның жайы да мәз емес. Қазір елді мекендердегі әлеуметтік жобалардың көбін ауыл әкімдері өздері жасайды. Оның жетілдірілетін тұстары бар.

Марат Ахметжанов, Ақмола облысының әкімі:

Біраз бағдарламалар өз нәтижесін беріп жатыр. Ал біраз бағдарламалар өкінішке орай қаражат болғанмен тиімділігін көрмей отырмыз. Соның бәрін жобалауымыз керек.

Қазір облыс бюджетінің үштен бір бөлігі яғни, 200 млрд теңге ауыл-аймақтарды қолдауға бағытталған. Бұл қаржы жыл сайын әлеуметтік нысандарды салу, жолдарды жөндеу және инфрақұрылымды дамытуға жұмсалады. Жақында облыста 2 балабақша мен 14 мектеп пайдалануға беріледі. 87 әлеуметтік нысан жөнделеді. 580 мың шаршы метр үй салынады деп жоспарланған.

Бұл межеге жету үшін әкімдер тиімді әрі табысты жұмыс атқаруы керек. Сондықтан ауыл-аймақ басшыларының біліктілігі мен тәжірибесіне аса мән берілмек.

Шыңғыс Жанділдин, Оразақ ауылының әкімі:

Форумда көптеген мәселелерді естіп жатырмыз. Қазір бізде СПК бойынша 2 проценттік кредит берілетіні айтылып жатыр және жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу кезінде қандай қиындықтар бар, не білуіміз керек. Соның барлығы айтылды. Осындай форумдардың пайдасы зор. Нақты естейміз,нақты қойылған тақырыптарды біліп отырамыз.

Ұмсындық Наурызбаева, тілші:

Жалпы облыста әкімдер корпусын жаңартуға аса көңіл бөлініп келеді. Соңғы үш жылда 220 ауыл әкімінің жартысына жуығын халық өзі таңдаған. Сондықтан қазір ауыл-аймақ басшыларына қойылатын талап жоғары.

Ұмсындық Наурызбаева

Хабарламаларға жазылу