Петропавлда тасқыннан зардап шеккен 47 отбасы баспаналы болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда тасқыннан зардап шеккен 47 отбасы баспаналы болды

20.06.2024

Петропавлда тасқыннан зардап шеккен отбасылар баспаналы болды. «Бірлік» шағын ауданында салынған 47 үйдің кілтін қоныс иелеріне Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев табыстады.

Баспаналы болғандардың қатарында Қожахметовтар отбасы бар. Рустамның бір жыл бұрын ғана өз қолымен салған үйі жөндеуге жарамсыз болып қалған.

Рустам Қожахметов, қала тұрғыны:

Үйіміз батты суға, фундаменттен кетіп қалды. Енді міне, кілт беріп, ризамыз. Үйдің ішіне бірінші рет кіріп тұрмын. Холодильник, ана-мына керекті заттар бар екен. Жақсы, ұнап тұр.

- Осындай үй алам деп күткен бе едіңіз?

- Күткен жоқпын.

Бұған дейін «Бірлік» шағын ауданында 53 үй тапсырылған болатын. Қанат Бозымбаев жаңа баспаналарды аралап, сапасын көрді.

Қорлан мен Ғалия Хамзиндер 2017 жылы үйлерін су басып, жөндегендерін айтады. Алайда ескі баспана екінші тасқынға төтеп бере алмады.

Ғалия Хамзина, қала тұрғыны:

Біз Хромзаводта тұрғанбыз. Кішкентай үй болған. Бүгін біздің шаңырақта үлкен қуаныш. Жүрегім дүрсілдеп тұр.

Жергілікті зауыттардың бірі жаңа үйлерге жиһаз бен тұрмыстық техника сатып алуға қаржы бөлді. Әр баспанының аумағы 80 шаршы метр, жер көлемі 10 сотық.

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

Ауданның ішінде жаңадан балабақша салынатын болады. «Kaspi.kz», «Қазақмыс», «KAZ Minerals» қаржысын бөліп жатыр. Ол қаржы жұмыстарды тез арада қолға алуға мүмкіндік беріп жатыр.

Солтүстік Қазақстанда 4 мыңға жуық үйді су басты. 50 пайызы жөндеуге жарамсыз деп танылды. Тек облыс орталығында 1600 үй сүріледі. Орнына ағаш отырғызылып, шағын саябақтар салынады.

Эльмира Кәленова, тілші:

Екі ай бұрын бұл жер жазық дала болатын. Қысқа ғана мерзімде 100 үйлі шағын аудан пайда болды. Жылыту маусымы басталғанға дейін тағы да 600 үй халық игілігіне тапсырылады.

Эльмира Кәленова

Хабарламаларға жазылу