Ақтөбе қаласы арқылы ағып өтетін Сазды өзенінің жағалауы қаплына келтіріліп жатыр. Су тасқыны кезінде бұл аумақтағы жаяу жүргіншілер жолдары мен қоршаулар бұзылып, сең мен нөпір су көшеге жайылған еді. Жөндеу жұмыстары бір ай бұрын басталды.
Ол үшін жергілікті бюджеттен 82 миллион теңге бөлінді. Бұл қаржыға қыш тақтайшалар мен жиектастар ауыстырылып, өзен жағалауы бекітілді. Қазір темір қоршаулар салынып жатыр. Қалпына келтіру жұмыстары келесі аптаның соңына қарай аяқталуы тиіс.
Омар Алдамов, құрылыс компаниясының директоры:
Жұмысты 13-мамыр күні бастадық. 1 380 шаршы метр аумақтың тақтайшаларын ауыстырдық. Ал қоршаулардың жалпы ұзындығы 1500 метр шамасында. Сапаға барынша мән береміз. Қазір жұмыстың 80 пайызы аяқталды.
«Атырау – Орал» республикалық маңызы бар автожолының су шайып кеткен бөлігін жөндеу жұмыстары жуырда аяқталады. Тасқын кезінде елдімекендерді су басатын болғандықтан, жолды жырып, қатынас үзілген еді. Қазір нөпір судың деңгейі төмендеді. Жол пайдалануға берілген соң уақытша тек жеңіл көліктер қатынай алады.
Еркен Шералиев, мердігер мекеменің өкілі:
Бұл жолға 12 су өткізгіш құбырлары салынды. Сонымен қатар осы жолдың 56-шы шақырымында жолдың бетімен су өтіп жатыр. Қазір сол жерде бөгеттер орнатылып жатыр. Барлық учаскеде кезекшілік ұйымдастырылған тәулік бойы.
Жақсыбек Кемал
Нұрсұлтан Нұрсейіт