Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойы аталып өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдық мерейтойы аталып өтті

17.06.2024

Абай облысында үш жүзге аты мәлім болған қажы, «Дала данышпаны» атанған қайраткер, аға сұлтан Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығы кең көлемде тойланды. Мерейтойға жан-жақтан келген дүйім жұрт жиналып, бірнеше шара ұйымдастырылды. Семейде басталған дүбірлі той Абай ауданында жалғасты.

Құнанбай Өскенбайұлының 220 жылдығы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. Бас қосуға еліміздің белді ғалымдары қатысып, Құнанбай бейнесін айшықтаудағы ойларын ортаға салды.

Тұрсын Жұртбай, жазушы, абайтанушы:

Өмірдің заң, дәстүр, әдебі, тілі, діні, руханиятын қатаң қолда ұстап, әділ билік боламын деп көшпелі қоғамды бүгінге тапсырған Құнанбай. Сол жолда неше түрлі қақтығыстарға, үлкен дауларға барды. Бірақ айтқанынан қайтқан жоқ.

Жиында алыс-жақын шетелден келген қонақтар Құнанбайды толық танып білу – тек Абайды ғана емес, бүкіл қазақ елінің тарихын мұқият оқып-зерттеуге септігін тигізетіндігін айтады. Аға сұлтанның 220 жылдығы Абай ауданы Қарауылтөбеде кең көлемде тойланды. Спортшылар ұлттық ойынның 9 түрінен сайысқа түсті. Ақындар жыр мүшәйрасына қатысып, республикалық қөлөнершілер байқауы да өтті. Тойдың ерекшелігі – 500 баланы бір уақытта ашамайға отырғызды. Бұл шара Қазақстан рекордтар кітабына енді.

Мейіржан Смағұлов, Абай ауданының әкімі:

Өскенбай ауылында Құнанбай бабамыздың шыр етіп дүние есігін ашқан сәтінен куә болдыңыздар. Бабамыздың әрбір қадамы, ашамайға қалай отырғаны. Ел алдында батырлығын найзагерлігін дәріптейтін үлкен сайыстар жүрді.

«Өткен тарихын білмеген ел, бүгінгінің бағасын білмейді». Құнанбай есімі күні бүгінге дейін еліміздің әр өңіріндегі жұрт арасында аңыз болып айтылып келеді.

Аслан Ертісбаев


Хабарламаларға жазылу