Құрбан айт мерекесіне орай, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына шет мемлекеттердің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілерінен құттықтау хаттары келіп түсті.
Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, халықтарымыз арасындағы ынтымақ пен тату көршілік қатынастар, стратегиялық серіктестік пен одақтастық деңгейіне көтерілгенін атап өткен. Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров: -Біздің елдеріміз арасында қалыптасқан тығыз әрі достық қарым-қатынас, бауырлас халықтарымыздың игілігі үшін алдағы уақытта да нығая түсетініне сенімдімін, – деп жазды. Ал, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон Қазақстан халқына бейбітшілік пен тұрақтылық тіледі. – Бауырлас халықтарымызды ортақ мәдени-рухани құндылықтардан, соның ішінде бүкіл мұсылман үмбеті үшін қасиетті саналатын Құрбан айт мерекесінен бастау алатын берік достық қатынастар мен өзара тілеулестік біріктіреді, – деп жазған.
Сонымен қатар, Құрбан айт мейрамына орай ізгі тілектерін Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Біріккен Араб Әмірлігі, Мысыр, Иордания, Марокко, Кувейт, Оман, Бахрейн, Палестина елдерінің басшылары мен халықаралық ұйымдардың жетекшілері жолдаған.
Шерхан Жамбылұлы