Басты Жаңалықтар Ақмола облысында өртенген үйден 3 баланы құтқарып қалды

Ақмола облысында өртенген үйден 3 баланы құтқарып қалды

Ақмола облысының Үлгі ауылында әкелі-балалы қос азамат өртке оранған үйден үш баланы аман алып шықты. Ерлан Тоқсамбаев пен оның баласы Мирас жанталасып жүріп, қою түтіннің арасынан кішкентайларды шығарған сәтте-ақ үйдегі екі газ баллон бірінен соң бірі жарылған. 

Сумаңдаған қызыл жалын күш алған сәт. Сәл кешіккенде балаларды аман алып қалу мүмкін емес еді. Өрт тұтанғанда шиіттей бес бала ата-ананың қарауынсыз үйде болған. Сыртқа екеуі шығып үлгереді. Кіре берісте лапылдаған отқа беттей алмаған үшеуі іште қамалып қалған. 
Ерлан Тоқсанбаев, Үлгі ауылының тұрғыны:

Балам екеуіміз осы жерде өтіп бара жатып, үйдің жанып жатқанын көріп қалдық. Сосын жүгіріп келсек, мында екі бала тұр. Бір қыз бала, бір ұл бала, сұрасақ, іште үш бала бар дейді. Арғы бөлмеде деп айтты. Арғы бөлменің шынысын сындырып, Мирас кірген, балалар жоқ деді. Сосын қарасақ, бер жақ әйнегінде бір қыз бала жылап тұр, сол әйнекті аша алмай итеріп-итеріп, білмеймін қалай ашқанымызды, әйтеуір ашылып кетті. Бір қызды алып, екі бала диванда отыр, екеуін де алып шықтық. 

Ерлан Тоқсамбаев ширақ қимылдап, бір газ баллонды сыртқа шығарады. Алайда іштегі екі баллон өрт сөндірушілер келгенше жарылып, үйдің астаң-кестеңі шыққан.

Денис Шипокляк, Біржан сал ауданының ТЖД бөлімінің басшысы:

Өртті  40 минутта өшірдік. Электр сымдары тұйықталып, содан от шыққан.  
Бес баланың анасы Юлия Черкасская көрші ауылда жұмыс істейтін болып шықты. Балаларды әкесіз тәрбиелеп отырған ол кішкентайларды қараусыз қалдыруға мәжбүр болдым деп ақталады. Баспанасыз қалған отбасыға жұмыс орны уақытша паналайтын жер тауып берген. 
Юлия Черкасская, көпбалалы ана:
Балаларымды өрттен аман алып шыққан Ерлан мен Мирасқа алғысым шексіз. Үлкен қызым сыртқа кіші баланың соңынан жүгіріп шығып, содан кіре алмай қалған. Есі кірген бала ғой, әлі күнге дейін күйзелісте жүр. Мен үшін ең бастысы - балаларым аман қалды. Ауылдастарыма да ризамын, киім-кешек, азық-түлікпен көмектесіп жатыр.
Жалпы жылыту маусымы басталғалы өңірде өрт көбейді. Иіс тиіп, ажал құшқандар да бар.    
Бибінұр Әмірханқызы, тілші:
Жыл басынан облыста 366 тұрғын үй өртке оранған. Тілсіз жаудан 19 адам көз жұмды. Күні кеше өртке оранған мына үйден 5 баланың үшеуін құтқарып, ерлік көрсеткен үлгілік Ерлан Тоқсанбаев, баласы Мирас орны толмас қайғының алдын алды. Әкелі-балалы асқан ерлік көрсеткені үшін мемлекеттік марапатқа ұсынылып отыр.


Бөлісу