Қостанайда қоқыс жинаудан жарыс өтті. «Таза ойындар» атты экологиялық акцияның шарты бойынша еріктілер бірнеше командағы бөлініп, өзара бәсекеге түседі. «Бұл - экологиялық мәдениетті қалыптастырудың тиімді тәсілдерінің бірі» – дейді ұйымдастырушылар.
Жұмысты бастамас бұрын жастар би билеп бой қыздырды. Ойын шарты осылай. Жарты сағаттан соң жарысты бастауға белгі берілді. Ағаш арасын аралап жүгірген жастар көзіне іліккен қоқысты қолдарындағы қапшыққа сала бастады. Қапшыққа сыймайтындары да кездесті. Көп ұзамай белгіленген орын қапқа салынған қоқысқа толды.
Мұндай шаралар өңірдегі барлық аудан, қалаларда өтті. Жалпы саны жиырмадан астам түрлі акция, флешмоб, челлендж ұйымдастырылды. «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы облыста 127 мың тонна тұрмыс қалдықтары шығарылып, рұқсат етілмеген 106 қоқыс алаңы жойылған. Тек қоқыс жинау емес, тазалық мәдениетін қалыптастурды көздейтін танымдық жұмыстар да жүргізіледі.
Абай Дүйсеков, облыстық жастар ресурстары орталығының директоры:
Лекциялар өткіземіз оқу орындарында. Жағажайдағы демалушылармен әңгімелер өткіземіз. Орнын жинап кету туралы айтамыз.
Алматыда да «Таза Қазақстан» акциясына жастар белсенді қатысып жатыр. Мұндағы басты мақсат- қоршаған ортаны сақтау, экологиялық мәдениетті қалыптастыру. Республикалық жоба аясында ерікті жастар тобы да құрылған.
Балжан Досалы, Алматы облысы «Азаматтық альянсы» президенті, қоғам белсендісі:
Дамыған мемлекеттердің барлығында қоршаған орта бірінші орында тұрады. Біздің де мемлекетке осы дүние ақырындап үрдіске айналып келе жатқаны мені қуантады. Жастардың қоғамға қосып жатқан рөлдері өте көп. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясының 95 процентін жастар алып шықты деп айтқым келеді.
Бекнұр Қисықов, қалалық қоғамдық кеңес мүшесі, экономист:
Жапон елінде мектептің өзінде тазалықшы болмайды. Олар балалар кішкентайынан бастап тек сабақ оқу емес, өмірде қалай өмір сүру керек, қалай экологиялық ойлау керек және жан-жағыңды қалай тазалау керек соны үйренеді екен. Жапон ең таза ел деп айтуға болады.
Яғни, қалалық қоғамдық кеңестің мүшесі экологиялық мәдениетке баулу мектеп жасынан басталуы керек. Бала кезден қалыптасқан дағды өмір бойы сақталады, - дейді.
Оңғар Алпысбайұлы