Басты Жаңалықтар Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жаңа баспаналар жанға жайлы болмады

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында жаңа баспаналар жанға жайлы болмады

Қызылорда облысы Жаңақорған ауданында көпбалалы және әлеуметтік аз қамтылған 50 отбасыға берілген жаңа үйлер жанға жайлы болмай тұр. Былтыр күзде ғана табысталған баспаналардың сапасы жыл өтпей жатып сыр берді. Оның үстіне коммуналдық жүйелер де толық қосылмаған болып шықты. 

Диана Тайырхан көпбалалы ана. Ұзақ жылдардан бері баспана тауқыметін көріп келген жанұя былтыр үйлі болып, көппен бірге қуанышқа бөленген еді. Бірақ, жаңа қоныс деген аты болмаса үйдің құрылысында олқылық көп болып шықты. Қыста қабырғаларынан сыз өтіп, төбесі жұқа болғандықтан тіпті жылыту мүмкін болмады, дейді.

Диана Тайырхан, аудан тұрғыны:

Қыс бойы жылыған жоқ. Қабырғалар көгерді. Жарылды. Төбеміз ашылып жатыр. Әкімдікке барамыз. Болады дейді, бірақ сол күйі болмайды. Бір жарым жасар балама асматик деп диагноз қойып берді.

Жаңақорған кентінің шет аумағынан бой көтерген 25 жапсарлас үй коммуналдық жүйелерге де толық қосылмаған. Тұрғындар жырақта қалғандай күн кешуде.

Әділбек Серікұлы, тілші:

Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға табысталған тұрғын үйлерге табиғи газ да қосылмаған. Ең қиыны тұрғындарға ауыз су болып тұр. Тіршілік нәрі бірде бар, бірде жоқ. Міне, ақпай тұр...

Жергілікті әкімдіктегілер ауыз су мәселесі жақын арада шешілмейтінін кесіп айтты. Себебі, аудан орталығына берілетін судың көлемі аз. Оны ұлғайту бойынша жоба жасалғанымен әлі қаржысы шешілмеген. Ал жаңа үйлердің сапасына жауапты кәсіпкерлерге жөндеу жұмыстары қайта міндеттелген.

Орман Ахметов, аудандық Құрылыс бөлімінің басшысы:

Бұл өзі жоба-сметалық құжат бойынша жасалған жоқ. Әркімнің жеке азаматтардың өздерінің салған үйлерін сатып алу жоспарланған. Кемшіліктер бар, оны жасырмаймыз. Салған жігіттер өз есептерінен екі жылға дейін жөндеп, түзеп кеткен жерлерін істеп береміз деп уәдесін беріп отыр.

Былтыр ғана ел игілігіне берілген баспаналардың олқылығы көп болса да, жергілікті биліктің тапсырысымен биыл тағы 75 жапсарлас үйдің құрылысы жүріп жатыр.

Әділбек Серікұлы


Бөлісу