АҚШ президентінің баласы Хантер Байден бірнеше жылға сотталуы мүмкін - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

АҚШ президентінің баласы Хантер Байден бірнеше жылға сотталуы мүмкін

12.06.2024

АҚШ президентінің баласы Хантер Байден бірнеше жылға сотталуы мүмкін. Алқабилер соты оны қаруды заңсыз сақтауға қатысты қылмыстық істің үш тармағы бойынша да кінәлі деп тапты. Осылайша Америка тарихында алғаш рет іс басындағы президенттің баласына жаза кесілмек.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Федералды деңгейдегі прокурорлар осыдан 6 жыл бұрын қаруды заңсыз сақтау бойынша 54 жасар Хантер Байденің үстінен қылмыстық іс қозғаған еді. Басты таққан айыптары президенттің ұлы есірткіге тәуелді болғанына қарамастан 2018 жылы тапанша сатып алып, 11 күн бойы ұстаған. Әрі мәліметтерін толтырған уақытта есірткі қолданбаймын деп жалған ақпарат берген. Жылдар бойы созылған тергеу ісіне алқа билер бүгін нүкте қойды.

Дэвид Вайс, прокурор:

Айыпталушының есірткіге елітіп, ішімдікке салынғанын куәгерлер растап берді. Бұл іс оның есірткіге тәуелді болғаны жайлы емес, (себебі нашақорлық Америка Құрама Штаттарында көптеген отбасыларды оның ішінде Байденнің әулетін де айналып өтпеген ауру). Бұл іс айыпталушының қаруға қол жеткізу үшін үкіметтік құжатқа жалған ақпарат жазып, заңсыз жолды таңдауына байланысты болды.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

АҚШ заңы бойынша мұндай қылмыстар үшін жиырма бес жылға дейін түрмеге жабу және 750 мың доллар айыппұл салу қаралған. Алайда, сот қанша жаза тағайындайтыны әзірге белгісіз. Үш айдың ішінде нақты үкімін жарияламақ. Десе де сарапшылардың айтуынша, Хантер Байден бір әрі кетсе екі жылға түрмеге қамалуы мүмкін. Қалай болса да бүгінгі шешімге ерекше қуанған республикалық партия депутаттары демократ президенттің ұлы қолымен жасаған ісін мойнымен көтеруі керек деп отыр.

Марианнет Миллер-Микс Конгресс депутаты:

Сіз білесіз, егер қарапайым азамат болса мұндай қылмысы үшін бірден түрмеге жабылар еді. Десе де қылмыстық сот төрелігі жұмыс істеп жақанын көру көңілге медеу. Олар бұған дейін тергеу жүйесімен келісім жасап, шартты жазамен құтылып кетпек болды. Бірақ, жоспарлары жүзеге аспай қалды.

Жалғас Сәдібекұлы, тілші:

Джо Байден баласының кінәлі деп табылғаны көңілін түсірсе де Алқа билер сотының шешім қабыл алатынын мәлімдеді. Жалпы, оның АҚШ президенті ретінде ұлына рақымшылық жасап, түрмеден аман алып қалуға мүмкіндігі бар. Алайда, Ақ үй басшысы бұған дейін жергілікті телеарнаға берген сұхбатында мұндай құзырын пайдаланбайтынын мәлімдеген. Десе де ұлына қатысты дау мұнымен шектелмейді. Жақында оның үстінен салықтан жалтару ісі бойынша тағы бір сот процесі басталады. Осылайша, елуден асқан баласының былықтары Президенттік сайлауға қайта түсіп жатқан сексеннің сеңгіріндегі Джо Байденнің беделіне кері әсер етуі мүмкін.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу