Абай облысында «Ауылға құрмет» форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Абай облысында «Ауылға құрмет» форумы өтті

11.06.2024

Ауыл тұрғындарының кәсіп бастауға ықыласы ерекше. Мемлекет қолдау көрсететін жобалар да жеткілікті. Тек бизнестің қандай түрі табысты және оны дамыту жолдары жайлы ақпарат аз. Сондықтан ауыл халқы оған тәуекел ете бермейді. Абай облысындағы Қызылкесік елдімекенінде «Ауылға құрмет» арнайы форумы өтті. Кездесуде ауылдағы бизнес пен мәдениетті, спортты дамытудың жолдары талқыланды.

Қызылкесік төрт түлігі түлеген ауыл. Қазірдің өзінде мұнда отыздан аса жеке шаруашылық бар. Алайда алыстағы тұрғындар үшін өнім өткізу -  ең басты мәселе.

Мамырбек Семізбаев, Қызылкесік ауылының тұрғыны:

Ет өнімдерін өткізуде проблемалар бар. Өйткені бәрі алыс. Осының бәрін келген кәсіпкерлер айтып осының жолдарын қарастырамыз. Осындай әлгі мал соятын техникаларды әкелеміз. Соныменен осы жақтан өткізіп беруге көмек жасаймыз. Сондай мәселелер көтеріп отыр. Олары өте дұрыс.

Осы ауылдан шыққан азаматтардың ұйымдастырумен өткен форумға түрлі салада табысты еңбек етіп жүрген кәсіпкерлер де шақырылды. Олар ауылда кәсіп бастаудағы өз тәжірибелерімен бөлісіп, нақты бірнеше жоба ұсынды. Соның бірі шағын құс шаруашылығы.

 Бауыржан Садықов, кәсіпкер:

Мобильді құс шаруашлығының пайдалы тұстары оны 12-13 жасар бала да игере алады. Қосымша шаруа ретінде. 20 соттық жері бар адам. Ол дегеніміз басқа кәсіппен айналыса отырып, 2-3 сағат уақытын арнасы сол жеткілікті.

 Асқар Нұрпейісов, кәсіпкер:

Бұл жерде азын-аулақ бизнестеріміз де болады. Экономикаға да әсер етеміз. Елді қосымша тартамыз. Тек пайда табу үшін емес. Пайда тапсақ басқа қалада жүрген жерде істей беруші едік. Осы ауылға әсер ету үшін істелген мәселе.

Ауылға әсер етудің тағы бір жолы жаңа құндылықтар қалыптастыру, мәдениет пен спортты көтеру. Сондықтан аға буын өкілдері елге есті сөз айтты. Ал әр жылы мектеп бітірген түлектер әдеби кітаптар сыйлады.

 Айнұр Жұмажанова, кітапханашы:

Өздерінің оқыған кітапханасына және де жаңа кітпатардан кітап сыйлап жатқаны ауыл азаматтарының ауылына деген құрметі деп білем. Және бұл кітаптарды оқушыларға қуан-қуана ұсынамын.

Ұрпақтар сабақтастығына негізделген ауылдастар форумының соңы мәдени-рухани кешпен түйінделді.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу