Алматы облысында үш және 14 жастағы екі қыз баланы көлік қағып, көз жұмды. Ал Қостанайда бәйгеге қатысқан шабандоз аттан жығылып аман қалды. Елімізде бала қауіпсіздігі өзекті болып тұр.
Алматы облысында жаяу жүргіншілерді көлік қағып кетті. Алған жарақатынан 3 және 14 жастағы екі қыз бала көз жұмды. Қайғылы оқиға Еңбекшіқазақ ауданы, Есік қаласында болған. Облыстық полиция қазір жол апатының мән-жайын анықтап жатыр.
Қостанай облысы. Қазақстан чемпионатының бәйгесінде шабандоз бала аттан құлады. Оның басына артта келе жатқан аттың тұяғы тигенін әуесқой бейнежазбадан байқауға болады. Есінен танып қалған шабандозды ересектер дереу қауіпсіз жерге шығарып, медициналық көмек көрсеткен. Бәйгеде қауіпсіздік шаралары қатаң сақталған. Соның арқасында баланың денсаулығына еш залал келмеді.
Нұрбол Әбдірахманов, Облыстық ат спорты федерациясының вице-президенті:
Басына каска кигіземіз, үстіне кеудеше міндетті түрде. Онсыз жарысқа жіберілмейді. Дәрігерлер барған кезде манағы құлаған бала орнынан тұрып жүгіріп кетіп қалды. Кейін сол бала аламан бәйгеге де қатысты.
Балалардың өміріне қатысты осындай қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін мемлекет заңды күшейтті. Енді балалар мен әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықтың жазасы қатаң болады. Сол үшін 15 заңға өзгеріс енгізілді. Қазір құқық қорғау органдарының өкілдері халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Ризабек Ожаров, облыс прокуроры:
Осы өзгерістер биылғы 15 маусымнан бастап күшіне енеді. Сол себептен, қазіргі таңда Қызылорда облысы бойынша былтыр әкімшілік соттармен 1300-ден астам іс қаралып, 500 адам жауапкершілікке тартылды. Осы ретте өзгерістерге сәйкес аталған әкімшілік құқық бұзушылықтар қылмыстық құқық бұзушылық санатына өтетін болады.
Енді бала құқығы отбасынан бастап қорғалады. Кәмелетке толмағандарға сексуалдық сипатта тиісетіндер және оларды ұрлап, бостандығын бұзғандар қылмыстық жауапқа тартылады және оның жазасы да қатаң. Буллинг, кибербуллингке жеткізгендерге алғаш рет әкімшілік жауапкершілік енгізілді. Білім беру ұйымдары кез-келген оқыс жағдайды құқық қорғау органдарына хабарлауға міндеттелді. Тіпті жол ақысын төлей алмаған балаларды қоғамдық көліктерден түсіріп тастауға заңмен тыйым салынады.
Ғабит Ұзақбай