Жамбылда кооперативтер субсидия қаржысынан қағылды
Былтыр 40-қа жуық ұжым 800 млн теңгеге жуық қаржыға техника сатып алған. Ал оны «Ауыл аманаты » жобасымен несиеге рәсімдеген. Мемлекет 50%-ын субсидия арқылы төлеп беруі тиіс. Алайда апта бұрын қаржы бөлу тоқтатылып, шаруалардың наразылығын тудырды.
Аймақта 2,5 % несие беретін «Ауыл аманаты » жобасы бес жыл бұрын басталды. Шарты бойынша шаруалар кооперативке бірігу керек. Ал ұжымға алынған техника құнының 50%-ын мемлекет төлейді. Қай елден шыққанына қарамайтын. Бір апта бұрын талап өзгерді. Салалық министрлік субсидия тек отандық техникаға беріледі деп жаңа ереже жариялаған.
Данияр Әлімқұл, тілші:Мәселен мына 18 млн теңгеге алынған трактор бағасының тең жартысын мемлекет жауып беруге тиіс болған. Қожалық иелері қаржыдан қағылғандықтан, несие қарызын өздері өтемек. Дал болған дихандар қаржыны қайдан табарын білмей отыр.
Әбілнұр Ахметов былтыр «Ауыл аманаты» арқылы 50 млн теңге несие алып, Қытайдан 4 трактор әкелген. Кепілге үйін қойған. Енді берешегін өтеймін деп отырғанда шетелдік техника төлеміне шектеу қойылды. Ол сырт елдің өніміне субсидия берілмейтінін ешкім ескертпеді дейді.
Әбілнұр Ахметов, кооператив жетекшісі:Бізді алдады, неге табан астында бізге айтпай, субсидияның бәрін алып тастады. Төлемейтінін білгенде мұндай техниканы алмайтын едік. Өзіміздің Қазақстанның техникасын алатын едік қой.
Базынасын айтқан шаруалар басқарманы жағалап жүр. Ал әкімдік бағдарлама бағыты Астана арқылы асығыс өзгерді дейді. Жаңа ереже отандық өнімді қолдауға қатысты қабылданыпты.
Төлебек Құлекеев, Жамбыл облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары:Бұл жерде қағиданы керек емес уақытта өзгеріске енгізуі ғой былайша айтқанда ше. Шаруалардың, кооперативтердің осындай басқа елден алған техникалардың есебін шығара отырып, содан кейін қағидаға өзгеріс енгізуді қарастыру керек деп ойлаймын. Ол кісілер бір бөлек ұсыныс жазады АШМ-ге, біз өзімізден бір бөлек ұсыныс жазамыз.
Аймақта былтыр ауыл шаруашылығы техникалары мен жабдықтары үшін 1,5 млрд теңге субсидия төленген. Биыл «инвестициялық субсидиялау» бағдарламасы бойынша қаржыландыру маусым айының ортасынан басталмақ.
Данияр Әлімқұл
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
