Шалғайда орналасқан елдімекендерге жаңа шыққан әдебиеттерді жеткізіп, кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында қолға алынған «Ауыл кітапханаларына 100 кітап » акциясы жалғасуда. ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі жанынан құрылған «Алқа» әдеби клубы Солтүстік Қазақстан облысы Мағжан Жұмабаев аудандық кітапханасына 100 туындыны сыйға тартты.
Жәмилә Досова - аудандық кітапхананың тұрақты оқырмандарының бірі. Зейнеткер күніне 2-3 сағат уақытын газет-журнал мен түрлі әдебиеттерді оқуға арнайды.
Жәмилә Досова, оқырман:Менің қолыма тимей жүргені бұл, жетпей жүргені деп те айтайық «Есіл, сенің кінәң жоқ» деген. Бұл кітаптың бір кереметтілігі - балаға біз табиғатты сүйсіндіруге үйретеміз ғой, сонда осы жерде жаңағы табиғатқа деген сүйсіпеншілік қалай келтінін өте керемет сомдаған екен.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Ауыл кітапханаларына 100 кітап » акциясын бастап, шалғайда жатқан ауылдарға кітаптар жолдаған еді. Өзге министрліктер мен ұйымдар да белсенділік танытып, шараға қолдау білдіруде.
Дәмежан Ысқақова, оқырман:Өте көптеген кітаптар келген екен. Ішінде прозасы да бар, поэзиясы да бар. Кітап - ол ең құнды қазына. Кітап оқу керекпіз. Кітаптан адам білімі молаяды, ойы толығады, жаңағы дүниетанымы өзгереді.
Мағжан Жұмабаев аудандық кітапханасында 54 мыңнан астам әдебиет бар. 4 мыңға жуық оқырман тіркелген. Мекеме қызметкерлерінің айтуынша басым бөлігі зейнеткерлер. Жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады.
Маржан Тұяқова, кітапханашы:«Бірге оқиық» деген акция жүріп отырады. Бейсенбі сайын біз әртүрлі мекемелеріне барып, кітаптарымызды ұсынамыз, оны оқуға біз сол акция бойынша өзімізге тартамыз.
«Алқа» әдеби клубы жолдаған әдебиеттердің бір бөлігі Мағжан Жұмабаев дүниеге келген Сарытомар ауылдық кітапханасының қорын толықтырады. Маусым айының ортасында ақынның туған күні аталып өтпек. Кітаптар - айтулы күнге орай жасалған тарту болмақ.
Эльмира Кәленова