Атырау облысында тасқыннан 150-ден астам шаруа қожалығы зардап шекті
Атырау облысында 150-ден астам шаруа қожалығы тасқын зардабын тартып отыр. Жайықтың бойын жағалай орналасқан шаруашылықтар түгел су астында қалды. Бүлінген егіс алқабы, құлаған қоралар, іске жарамайтын техника. Шығын шаш етектен.
Қожалығын су басқан шаруалардың бірі Нұрсұлтан Тілеуберген. Осыдан 5 жыл бұрын құрылып, жұмысы енді қызып келе жатқанда тілсіз жау бәрін жайпап әкетті. 100-ден астам құсы қырылып қалған. Абырой болғанда ірі-қара малы мен жылқыларын қорадан шығарып үлгерген. Қазір олардың қайда жүргені белгісіз.
Нұрсұлтан Тілеуберген, шаруа қожалығының иесі:Бір үйірде ДЖПС бар еді. Оларды енді Бейбарыс ауылының арғы жағынан көрсетіп тұр. Қалған екі үйірде ДЖПС жоқ болғандықтан біле алмай отырмыз. Сиырларды таба алмадық. Құстар бәрі өліп қалды.
Жылыой мен Қызылқоға аудандарында зардап шеккен шаруашылықтарға 123 млн теңгеден астам өтемақы төленді. Ал Атырау қаласы, Махамбет және Индер аудандарында мал өлімі тіркелмеген. Егін алқаптары бойынша 1000-ға жуық ауыл шаруашылығын су басқан. Тағы 500 гектар егіс алқабы қауіпті учаскеде орналасып отыр. Жауапты мамандар келтірілген шығын кезең-кезеңімен толық өтеледі дейді.
Азат Қапанов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы:Комиссияға өтініш жазады. Арнайы комиссия барып тексереді. Сол тексеру барысында тиісті құжаттар жасақталып, қаражаты өтелетін болады. Шаруа қожалықтардың үйлеріне алгоритм шыққан жоқ.
Су басқан аумақтарда қатынас қиындады. Атыраудан Индерге жету үшін Исатай ауданымен айналып баруға тура келеді. Махамбетте су деңгейі төмендегенімен, ахуал әлі тұрақталмай тұр. Ал қаладағы гидробекетте Жайық 6 метрге дейін көтерілген.
Нұрсұлтан Нұрсейіт, тілші:Атырау-Орал тас жолының бірнеше жерін дәл осылай су басып жатыр. Келген нөпір су өзінің жүретін арнасын көрсетті. Жауапты мамандарға жұмыс көп. Осы жолдың осал тұстарын белгілеп алып, болашақта шағын көпірлер немесе су өткізгіш құбыр салынуы тиіс.
Нұрсұлтан Нұрсейіт
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
