Тендерге қатысты жаңа заң жемқорлықты азайта ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тендерге қатысты жаңа заң жемқорлықты азайта ма?

26.05.2024

Тәуелсіздік алғалы «тендер» деген сөз трендтен түспей келеді. Былтыр 6,6 трлн теңгеге мемлекеттік сатып алу жүргізілген. Биыл бұл қаражат 9 трлн теңгеге жетеді, дейді жауаптылар. Тендерді теңге деп танитындар үшін бұл қызығарлық цифр екені даусыз. Ендеше экранға жақын отырыңыз! Қызық енді басталады.

2015 жылы қабылданған Мемлекеттік сатып алу туралы заңды мәжілісмендер қайта қарады. Олқы тұстары көп дейді. 98 депутаттың 26-ы қатысқан жұмыс тобы 8 ай уақыт жұмсап ,бас-аяғы 473 түзету мен толықтырулар ұсынған. Оның 100-ге жуығы қабылданыпты.

Мейрамбек Жақсылықұлы, ҚР ҚМ мемлекеттік сатып алу әдіснамасы басқармасының басшысы:

Жаңа заңның негізгі мақсаттарына келер болсақ, ол біріншіден, сатып алу рәсімдерін оңайлату, мерзімдерді мейлінше қысқарту, сонымен қатар сатып алынатын тауарлар, жұмыстар мен қызметтердің сапасын арттыру. Бұдан бөлек, сатып алу жүйелеріне бірыңғай платформа құрылатын болады.

Жаңа заңдағы жақсы өзгерістің бірі мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру мерзімінің қысқарғаны. Бұл жұмыс барысын жылдамдатады әрі жемқорлықтың жолын кеседі,- дейді мамандар.

Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Негізгі проблемалардың біріншісі – конкурспен тендерді ұйымдастыру. Себебі оның уақыты ұзақ болды. Бір конкурс пен бір тендерді ұйымдастыру үшін кем дегенде 2,5 ай уақыт кететін. Конкурсты ұйымдастырғанның өзінде бір қатысушы қатысатын болса, ол конкурс деп есептелінбей, оны қайтадан ұйымдастыратын. Сол кезде 5-6 айға дейін ұйымдастыру органдары уақыт жұмсайтын. Қазір біз заң аясында оны 29 күнге түсірдік.

Заң бойынша бір компания бір мезетте бірнеше тендерге қатысуға құқылы. Бірақ көп тендер ұтқан мердігер жұмысты ұзаққа созып, сапасына қатысты жиі дау туындайтын. Сол үшін де балдық жүйе енгізілмек. Енді ұтқан әр тендер үшін компаниядан 0,1 балл шегеріліп отырады.

Мұқаш Ескендіров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Егер сіз алдында бір тендерді конкурста ұтып алып, екіншіге қатысатын болсаңыз, ол кезде сізден балдар алынып тасталады. Баяғыдай  20-30 тендерді ұтып алу сияқты сорақылықтарға жол берілмейді. Сіз көп тендерді ала бастасаңыз, сіздің бәсекелестігіңіз төмендей бастайды.

Яхия Төлешов, «Электрондық қаржы орталығы» АҚ директорлар кеңесінің мүшесі, басқарма төрағасы:

Сіздің мекемеңіз жылдар бойы Павлодар облысында жұмыс істеп келсе, енді Алматы облысына келіп, сол жерде бұрыннан келе жатқан компаниялармен тайталаса алмайсыз. Оның барлығы рейтингтік жүйеде ескеріледі. Мемлекеттің бұл жердегі мүддесі – қадағалау емес, барлығына бірдей мүмкіндік беру.

 «Ал егер сол тапсырыстарды тек бір компанияның орындауға мүмкіндігі болса ше?! Одан балл шегеру қаншалықты әділетті?»,- деген сұрақ туады. Сарапшылар жалпы рейтингтік жүйе дұрыс шешім. Бірақ ескерілмеген тұстары да бар дейді. Мысалы...

Ербол Сардарбеков, «Әділдік жолы» РҚБ Мониторинг және талдау департаментінің басшысы:

Жаңа заң жобасы рейтингтік система орнату арқылы жосықсыз тапсырыс берушілерге бағытталған. Бір жағынан ол дұрыс, екінші жағынан рейтингтік система орнатқаннан кейін жаңадан қатысушылар бұрыннан қатысып жатқан өнім берушілермен бәсекелесе алмайды. Сондықтан уақыт өте келе монополияға алып келуі мүмкін. Ол бүкіл жақтан конкурсты алып алады да, ақыры ешқайда үлгермейді. Түбі келіп қосалқы мердігерлерге береді.

Қосалқы мердігерге тендер беру талаптары да өзгерді. Бұрынғыдай жұмыстың жартысын емес, тек 30 пайызын ғана басқа компанияға бере аласыз. Бірақ «кімнің қанша мердігермен жұмыс істеп жатқанын қадағалау мүмкін емес»,- дейді мамандар.

Ербол Сардарбеков, «Әділдік жолы» РҚБ Мониторинг және талдау департаментінің басшысы:

Бұрынғы заң бойынша 50 пайызын беретін болса, қазір 30 пайызын береді. Бірақ ол өзгеріске алып келеді дегенге сенбеймін. Себебі қосалқы мердігерлердің шарттары қағаз жүзінде жүзеге асады. Сондықтан оны тексеріп, дәлелдеу қиын.

Заңдағы тағы бір өзгеріс – саланы цифрландыру. Бұдан былай автоматтандырылған жүйе тендерге қатысқандар арасында жеңімпазды анықтайды.

Мейрамбек Жақсылықұлы, ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу әдіснамасы басқармасының басшысы:

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу үшін адами факторды болдырмау керек. Жаңа заң шеңберінде адами фактор мүлдем жоқ жеңімпаз порталмен автоматты түрде анықталатын конкурстық, рейтингтік балдық жүйе арқылы сатып алулардың аясы кеңейтілетін болады. Яғни, конкурстық комиссия анықтамайды жеңімпазды. Веб-партал әлеуеттік өнім берушілердің қаржылық орнықтылығы, несие берешегі, сонымен қатар техникалық, адами ресурстарын қарап отырып, саралап, өзі анықтайтын болады.

Сарапшылар автоматтандырылған жүйенің ашықтығына сенбейді. Себебі оның өзі адами фактордың ықпалында болады. Тіпті, веб-портал жеңімпаз деп таныған компания қайта қарауға жатпайды екен. Яғни, арыздана алмайсыз. Оның үстіне конкурстық комиссия тапсырыс берушінің қалауымен жасақталады дейді.

Әлішер Мәжіт, мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы:

Біз компьютерге толықтай сене алмаймыз. Себебі біз дерекқордан құжатты сұраймыз, құжат келеді, бірақ ол құжаттың сәйкестігін тексеретін дәл сол маман болып тұр. Қазіргі кезде конкурстық комиссия не десе де, нәтижені олар шығарады.

Мейрамбек Жақсылықұлы, ҚР ҚМ Мемлекеттік сатып алу әдіснамасы басқармасының басшысы:

Әдетте конкурстық комиссияның төрағасы тапсырыс берушінің бірінші басшысы немесе орынбасары, одан бөлек сол мекеменің қызметкерлері конкурстық комиссияның мүшесі болып табылады.

Дастан Қаратаев, экономиист, мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы:

Ол шағымды кім қарайды. Ұйымдастырушылардан құрылған комиссия қарайды. Комиссия қаншалықты әділ шешім шығарады деген сұрақ туындайды.

Бұрын тендерден ұтылған кәсіпорындар мен кәсіпкерлердің арызы алдымен ішкі мемлекеттік аудит комитетінде қаралып, шағымданушы қанағаттанбаса ғана сотқа баратын болған. Осылайша бұл процесс 1 жылдан 2 жылға дейін созылады екен. Жаңа заңға сәйкес, Ішкі мемлекеттік аудит комитеті енді іске араласпайды. Бірақ дәл осы шешім күрделі проблемаға алып келуі мүмкін дейді мамандар.

Мархабат Жайымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

30-40 мекеме қатысады ғой құрлысты салуға, біреуі ұтып алады, қалғаны арызданып бастайды. Арызданатындардың көбі аймақтардағы Ішкі аудит департаменті бар еді, соларға арызданатын еді. Сөйтіп 50 пайызы қалатын еді. Қазіргі заң жобасы бойынша Ішкі аудит департаменті алынып тасталды, келесі статия сотқа беріледі. Соттардың да қарау мәселесі 10 күнге дейін қысқартылды. Соттарға үлкен жүктеме болады ғой деп ойлаймын. Соттар енді көп қарайтын болады. Шағымдану мәселесі – үлкен проблема.

Әлішер Мәжіт, мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы:

Қазіргі кезде аудитта болған шағымдарды жай ғана сотқа бағыттап тұр ғой. Мына жақтағы жүктемені алып, мына жаққа беріп тұр. Бұл мәселе жақсылыққа апармайды деп ойлаймын.

Мемлекеттік сатып алу саласындағы заң бұзушылық соңғы 2 жылда 45 пайызға өскен. Сол үшін де тендермен айналысатын жауапсыз компаниялардың жауапкершілігі қатаңдатылмақ.

2022 жылы 1 трлн теңге көлеміндегі 26.2 мың заң бұзушылық болған. 5,5 мың әкімшілік іс қозғалып, 569 млн теңге айыппұл салынған. 2023 жылы 1,1 трлн теңге көлеміндегі 46 мың заң бұзушылық болған. 8 мың әкімшілік іс қозғалып, 957 млн теңге айыппұл салынған.

Мархабат Жайымбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Біраз обьектіні алады да, уақытында  бітірмей жүреді. Оны шектеп қояды, келесі мемлекеттік сатып алуға кіргізбейді. Басқа обьектілеріңді бітір, сосын барып кіресің деген әңгіме. Сондай шектеу қойылып отыр.

Бір қызығы, керісінше тендерге тапсырыс беруші мекемелердің заң алдындағы жазасы тым жеңіл көрінеді. Тек тәртіптік шара қолданылады.

Ербол Сардарбеков, «Әділдік жолы» РҚБ Мониторинг және талдау департаментінің басшысы:

Бүкіл заңды бұрмалап, құр өнім берушімен күресуге болмайды. Біз түсінуіміз керек – барлық былықты істейтін тапсырыс беруші болып келеді. Тапсырыс берушінің жазасын күшейту туралы мәселе қарастырылмаған. Айыппұл салады, жұмысын одан әрі жалғастыра береді. Бұл жол жүргізу ережесіндегі сергекке ұқсайды. Штрафыңды төле де, әрі қарай жүре бер деген секілді.

Сол үшін тапсырыс берушілер заң бұзған жағдайда оның жазасын тәртіптік немесе әкімшілік емес, қылмыстық жауапкершілікке ауыстыру керек деген пікір бар. Бірақ...

Дастан Қаратаев, экономиист, мемлекеттік сатып алу саласының сарапшысы:

Заңды күшейтіп, әкімшілік жауапкершіліктен құқықтық жауапкершілікке басымдық берсек, онда мемлекеттік сатып алу процесі мүлдем баяулап, тоқтап та қалуы ықтимал. Неге кез келген мемлекеттік лауазымды тұлға мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырар кезде жауапкершіліктен қорқу арқылы уақытылы мемлекетке қажетті тауар, қызмет, жұмысты атқармайтын болады. Себебі бойларын қорқыныш билейді.

Заң қабылданса, ауыл әкімдері қуана берсе болады. Бұдан былай, 4000 АЕК немесе 14,7 млн теңгеге дейін конкурс өткізбей-ақ, бір көзден сатып алуға рұқсат етілді.

Серік Жұмабек, тілші:

Мемлекеттік сатып алу туралы заң 2025 жылы күшіне енуі мүмкін. Бір қуантарлығы, былтыр қабылданған «Қоғамдық бақылау» туралы заң мемлекеттік сатып алу саласына да қолданылмақ. Егер халық тарапынан ашық әрі жүйелі қадағалау болса тендерді тек коррупция құралы деп есептейтін қазіргі ұғым бәлкім өзгерер.

Хабарламаларға жазылу