Биыл 186 мың түлек мектеп бітірді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Биыл 186 мың түлек мектеп бітірді

25.05.2024

Бүгін ел аумағындағы барлық мектептерде мектеп бітіруші түлектер үшін соңғы қоңырау соғылды. «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты жиын өтті. Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысына байланысты жиындар мектеп қабырғасында, ата-аналармен бірге өткізілді. Мейрамхана жалдап, үлкен той жасайға тыйым салынған. Түлектер 11 жыл білім берген ұстаздарына алғыстарын айтып, мерекелік концерт ұйымдастырды. Жалпы қазір еліміздің мектептерінде 3 млн 800 мың оқушы бар. Соның 186 мыңы биыл алтын ұя мектептерімен қоштасып, үлкен өмірге қадам басты.

Әдемі Серікова, түлек:

Үлкен өмір жолына дайындады, алғысым шексіз. Осы мұғалімдердің арқасында мен көптеген жетістіктерге жетіп жүрмін. Осы жылы мектеп бітьірушілерді құттықтаймын. Сендерге болашақта сәттілік тілеймін.

Баянғали Әлімжанов, ақын, жазушы:

Мұнда менің 3 немерем оқиды. Үлкен өнегелі орда. Үлкен білім ордасы. Мен немеремнің оқу бітіріп шыққанына қуаныштымын. Және де осы мектеп бітіріп жатқан оқушылардың барлығына да әуелі аман сау болып, үлкен азамат болып өсулеріне, халқымыздың ардақтысы болуға тілектеспін.

Мектеп бітірушілерге арналған соңғы қоңырау бүгін ауыл мектептерінде де соғылды. Мәселен, Түркістан облысында мыңнан аса білім ошағында 32 мыңнан астам түлек алтын ұя мектебімен қоштасты. Олардың екі мыңға жуығы «Алтын белгіге» үміткер болса, 2400-ден аса оқушы «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында. Салтанаты жиында ұстаздар мен ата-аналар құттықтау сөз сөйлеп, түлектерге ақ жол тіледі. Айта өтейік, енді өңірдегі 27 мыңнан аса түлек ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, бағын сынайтын болады.


Оңғар Алпысбайұлы

Хабарламаларға жазылу