Тасқынның пайдасы: Су қоймаларындағы қор рекордтық көрсеткішке жетті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тасқынның пайдасы: Су қоймаларындағы қор рекордтық көрсеткішке жетті

23.05.2024

Биылғы тасқын елімізге көп зардап әкелді. Бірақ, зерттеуші ғалымдар келген мол судың ел мен жерге көл-көсір пайдасы бар деп отыр. Мәселен қазір өңірлердегі су қоймалары қор жинау жағынан бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке жетті.

Көктемгі тасқыннан кейін 405 қойма, айналасы бір айдан астам уақытта 75 млрд текше метрден астам су жинады. Құрғап қалған сай-салалар да телегей-теңіз ризыққа кенелді. Жайылмадағы су кем дегенде он жыл тұрады.

Сағат Садықов, мал шаруашылығының иесі:
Мына жерлердің бәрі су болған жоқ. Құрғап жататын еді. Құдықтың өзі судың астында қалып қойды. Судың өзі келді. Осының бәрі шабындық, жайылым болады. Соған қуанып тұрмыз.

80 миллион текше метр су 20 жылдан бері аңқасы кеуіп жатқан батыстағы Қамыс-Самар көлдеріне жіберілді. Жайық өзені арқылы Орал-Көшім суару жүйесі 500 млн текше метр сумен толықты. Бұл ризық 65 мың гектардан астам шабындық алқапқа нәр береді.

Санат Тілепбергенов, балық шаруашылығының ардагері:
Каспий теңізінің суы шамалы болсын көтерілді, оның өзі ол балық шабақтарының жайылымдарын көбейтеді. Яғни айтқанда, уылдырық шашуына, жем жеуіне мүмкіншілік жасайды. Биылғы уылдырықтан өскен балықтар өсіп-өніп теңізге барып, 3-4 жылдан кейін бізге мол өнім береді.

Трансшекаралық Іле өзені арқылы да мол су келді. Қапшағай су қоймасынан Балқаш көліне шамамен 2,5 текше шақырым су жіберілді. Араға 14 жыл салып Тобыл да тасыды. Өзен бойындағы қоймалар 92%-ға толды. Қорғалжын қорығының Теңіз көліне 1,5 млрд текше метр су ағызылды. Жиналған су жыл бойына өңірлердің игілігіне жұмсалады.

Ерлан Бадашев, инженер-гидротехник:
Негізі экологияға ең бірінші әсер ететін - су. Су барған жерге бірден табиғи қоршаған орта тез қалпына келеді. Кейбір жердегі тұзданған жердің тұзын жуып кетті.

Қазір салаға жауапты министрлік арнайы тұжырымдама әзірледі. Осы құжаттың негізінде су тасқынының алдын алу бойынша кешенді ғылыми зерттеулер жүргізу көзделген.

Нұрлан Алдамжаров, ҚР Су ресурстары және ирригация вице-министрі:
Ұлытау облысында бізде Кеңгір су қоймасынан, Сары су өзені арқылы жалпы 800 млн-нан астам суды Қызылорда облысына жеткіздік. Міне, осындай іс-шараларды осы жылғы тасқын суды пайдаланып, біз әрі қарай оны халықтың игілігіне жұмсауға ниет білдіріп отырмыз.

Су ресурстары және ирригация министрлігі тасқын суды тиімді пайдалану және жинау үшін 57 жаңа су қоймасын салдыртуды жоспарлап отыр. Нысандардың құрылысы 2030 жылға қарай аяқталмақ. Сонымен қатар биыл Қазақстанның 10 өңіріндегі 96 гидротехникалық құрылыс жөнделеді.


Жандос Темірғали

Хабарламаларға жазылу