Өзбекстанда Әйтеке бидің 380 жылдығы атап өтілді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Өзбекстанда Әйтеке бидің 380 жылдығы атап өтілді

21.05.2024

Өзбекстанда Әйтеке бидің 380 жылдығы атап өтілді. Науайы облысында 3 күнге жалғасқан салтанатты шара ұйымдастырылды. Жер-жерден жиналған қалың қазақ бас қосып Нұрата тауы маңындағы кесенеге зиярат жасап, би бабамыздың рухына құран бағыштап ас берді.

Қазақтың үш биінің бірі Әйтеке мен оның бабасы Сейітқұл әулие жатқан мекенге жергілікті қандастардан бөлек, елдің әр түкпірінен ағылып жататын адам көп. Қос тұлғаның зираты екі ел арасын рухани байланыстырып тұрғандай. 2008 жылға дейін Әйтеке бидің қайда жерленгені беймәлім болып келген. Кейін көнекөз қариялардан сұрастыра келе, Нұрата ауданында зираты анықталып, зерттеу жүргізілген. Артынша кесене бой көтерді. Мешіт пен мұражай кешені ашылды.

Ербол Еркебаев, «Сейітқұл әулие – Әйтеке би» қоғамдық қорының төрағасы:

Мұның бәрі екі елдің арасындағы достықтың белгісі деп ойлаймыз. Қазақтың өзі рулық емес, ұлттық деңгейге көшіп жатыр. Төле би қоры, Қазыбек би қоры келіп жатыр. Алғысымызды білдіреміз.

Науаи облысының Тамды, Кенимех, Зарафшан, Үшқұдық аудандарында қазақтар тұрады. Елден келген меймандарды олар құшақ жая қарсы алды. Әйтеке 25 жасында би атанып, ерекше қабілетімен дараланғаны тарихтан белгілі. Облыс әкімдігі мен жергілікті қандастар бабаның зиратын күтіп-баптап отыр. Кешен маңында абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Жергілікті туризм басқармасының мәліметінше, Әйтеке бидің кесенесін жыл сайын 7-8 мың адам зиярат етеді. Биыл олардың қатары еселеп артқан

Дәмір Қалдыбаев, Ташкент облыстық қазақ мәдени орталығының төрағасы:

Көптен бері мұндай той болған емес. Сондықтан келгендердің ниеттері қабыл болсын, бабамыздың өсиеттері ұрпақтан ұрпаққа жалғаса берсін. Өзбекстан мен Қазақстанның достығы мәңгілік болсын. 

Шарада Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі Бейбіт Атамқұлов екі халықтың ортақ тарихы мен қазақ-өзбек қарым-қатынасының нығаюы жолында атқарылып жатқан істерге тоқталды. Мерейтойдың көрігін қыздыруға Қазақстаннан 3 мыңнан астам өнерпаз келді. Тұтас қазаққа ортақ қайраткердің өнегелі өмір жолы халықаралық ақындар айтысында насихатталып, Кенимех ауданында көкпар берілді.

Базаркүл Отыншиева


Хабарламаларға жазылу