Түркияда аза тұту күні жарияланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда аза тұту күні жарияланды

21.05.2024

Иран Президентінің қазасына байланысты Түркияда да аза тұту күні жарияланды. Ел Президенті Режеп Тайып Ердоған үкімет отырысында көршілес Иран халқының қайғысын бөлісу үшін бір күндік ұлттық аза тұту жарияланатынын айтты. Яғни бүгін Түркия аумағында мемлекеттік тулар төмен түсіріледі. Президент Ибрахим Раиси мен үкімет мүшелері мінген тікұшақпен байланыс үзілген соң, Иран билігі Түркиядан іздеу-құтқару жұмыстары үшін көмек сұраған еді. Оқиға болған аймаққа ұшып шыққан түріктің «Байрактар Акынжы» ұшқышсыз аппараты жеті жарым сағат әуеде жүріп апат орнын алғаш болып анықтады.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия президенті:

Иран біздің шекаралас көршіміз, ал Иран халқы бауырымыз. Ғасырлар бойы бір өңірде бейбіт, тату-тәтті тұрып келеміз. Біз Палестина мәселесіндегі Иранның батыл қадамдарын бағалаймыз. Астана процесі басталғалы өңірдегі мәселелерді шешу үшін де Иранмен тығыз байланыстамыз. Иранға салынған біржақты эмбарголарға қатыспай, көршілік хақымызды сақтап келеміз.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу