Көршісінің әжетханасына құлап, қаза тапқан 3 жасар бүлдіршін жерленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Көршісінің әжетханасына құлап, қаза тапқан 3 жасар бүлдіршін жерленді

20.05.2024

Түркістан облысында көршісінің әжетханасына құлап, көз жұмған 3 жасар Асылым жер қайнына тапсырылды. Бүлдіршін өткен аптада есік алдына ойнауға шығып, содан із-түзсіз жоғалған. Соңғы уақытта балаларға қатысты мұндай қайғылы жағдайлардың жиілегені рас. Мәселен алматылық Үрзия Құрбаниязова оқыс жағдайда сал ауруына шалдыққан қызына қатысты істің шешіліп, кінәлілердің жазалауын сұрайды. Бауыр еті баласы абайсызда кәріз құдығына құлап кеткен. Қазір отбасы перзентін өз қаражатына шетелде емдетуге мәжбүр. 

Үрзия Құрбаниязованың қызы осыдан екі жыл бұрын 8 метр тереңдіктегі кәріз құдығына түсіп кетіп, сал болып қалған. Цементке құлаған Малика аман қалғанымен, қазір есін білмейді, басынан ауыр жарақат алған. Оқиға болған аумақта сол уақытта құрылыс жүріп жатқан. Кәсіпкерлер қауіпті жердің жан-жағын қоршамаған. Бастапқыда олар Маликаның денсаулығын жауапкершілікке алғанымен, қазір көмек беруден бас тартып отыр, дейді анасы.

Үрзия Құрбаниязова, Маликаның анасы:
Ташкентте, Нүкісте жаттық. Дәрі-дәрмегіне ақша жеткізе алмадық. Алматыға келеміз, ақша бермейді, хабар алмайды. Қазақстанға кел деген, жоқ. Өтірік уәде беріп жоқ болып кетеді. Тек өтірік уәде береді. 
Балалардың кәріз құдығы мен дәретханаға түсіп кетуі, көпқабатты үйлердің терезесінен құлап, белгісіз заттардан улануы. Бейкүнә бүлдіршіндерді ажал құштыртатын оқыс жағдайлардың басым бөлігі осындай. Бұл ретте бала қауіпсіздігі үшін бірінші кезекте ата-ананың жауапкершілігін арттыру керек,- дейді заңгер.

Әлем елдерінің басым бөлігінде бала қауіпсіздігі үшін жаза қатаң. Мәселен, Еуропада 14-16 жасқа дейінгі балаларды көлікте, үйде жалғыз қалдыруға болмайды. Тіпті, 13 жасқа толмаған бүлдіршінге жеделсатыға жалғыз мінуге тыйым салынған. Егер бала оқыс жағдайға ұшыраса, ерлі-зайыптылар ата-ана құқығынан, тіпті, бас бостандығынан айырылады.
Клоуис Морган, балаларды қорғау ұйымының өкілі:
Жауапсыз ата-ана 150 мың еуроға дейін айыппұл төлеп, 5 жылға бас бостандығынан айырылады.Балаларын уақытша орталықтарға орналастырамыз. Заңды бір емес, бірнеше рет бұзғандар ата-ана құқығынан айырылып, сәбилерін өзге адамдар асырап алады.Біз жауапсыздарға жазаны қатайтуды талап етудеміз.

 Ал біздің елімізде баланың құқығы «Неке және отбасы туралы» заң аясында қорғалғанымен, өмірі мен қауіпсіздігіне қатысты арнайы егжей-тегжейлі ереже бекітілмеген. Сондықтан жазатайым оқиғаны азайтудың бір жолы - жазаны күшейту дейді заңгер. Мәселен, 2022 жылы тек терезеден құлап, 10 бала ажал құшса, былтыр осындай оқыс жағдайдан 15 бала мерт болған.

Айдана Қуантхан

Хабарламаларға жазылу