Әлемде алғаш рет шошқа бүйрегін салдырған адам қайтыс болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Әлемде алғаш рет шошқа бүйрегін салдырған адам қайтыс болды

20.05.2024

Әлемде алғаш рет шошқа бүйрегін салдырған амеркалық қайтыс болды. Науқас күрделі отадан кейін бар жоғы екі айдай өмір сүрген. Дегенмен, дәрігерлер пациенттің өліміне бүйрек трансплантациясы себеп болмауы да мүмкін дейді. 

Әлемдегі алғашқы операция Бостонда наурыз айында жасалған еді. Генетикалық өзгертілген шошқа бүйрегі 62 жастағы Ричард Слайман есімді науқасқа салынған. Себебі, оған 2018 жылы қойылған адам бүйрегі бес жылдан кейін қайта семіп қалады. Сондықтан науқас оны шошқа бүйрегімен алмастыруға келіседі. Ота сәтті өтіп, пациент екі аптадан кейін ауруханадан шығарылған. Хирургтер жануар ағзасы кем дегенде 2 жыл жұмыс істейді деп болжаған. Алайда, науқас арада 50 күн өтпей қайтыс болды. Десе де дәрігерлер оның өліміне нақты не себеп болғанын анықтау керек деп отыр.

Леонардо Риелла, Массачусетс ауруханасының бүйрек трансплантациясы жөніндегі директоры:

Қазіргі таңда бүйрек трансплантациясының оның өліміне қандай да бір әсер еткеніне ешқандай айғақ жоқ. Біз дәрігерлер мен ғалымдар ретінде бүйректің қалай жұмыс істегенін түсіну үшін соңғы екі аптада жинаған барлық деректер мен сынамаларды зерттейміз. Егер емдеу шарасы мен қолданылған дәрі-дәрмектермен байланысты қандай да олқылықтар тапсақ, онда келешекте оның алдын алу үшін тиісті хаттамаға өзгеріс енгіземіз.

Дәрігерлердің айтуынша, науқастың соңғы күніне дейін алынған сынамалар оған салынған шошқа бүйрегі жұмыс істеп тұрғанын көрсеткен. Сондықтан оның кенет өліміне басқа аурулары әсер етуі мүмкін, дейді. Себебі, пациенттің бірнеше жылдан бері қант диабеті және жүрек қан тамырлары ауруларлары секілді созылмалы дерті болса керек.

Ал Ричард Слайманнан бір айдан кейін әлемде екінші болып шошқа бүйрегін салдырған Лиза Писано қазір біртіндеп оңалып келеді. Өлім аузынан қалған науқас күрелді отадан соң алғашқы қадамдарын жасады.

Лиза Писано, ксенотрансплант жасатушы:

Мен өзіме берілген мүмкіндікті пайдаландым. Егер бұл мен үшін жұмыс істемесе, онда басқа біреуге жұмыс істеуі мүмкін. Бұл ота тәсілі жетілген сайын келесі адамдардың дертінен айығу мүмкіндігі арта береді.

Бұған дейін дәрігерлер генетикалық өзгертілген шошқа жүрегін екі рет науқастарға салып көрген еді. Алайда, екі жағдайда да пациенттер екі айға жетпей көз жұмған. Енді адам бүйрегіне балама ретінде жалпақ танаудың бүйрегін пайдалану - донор тапшылығы мәселесін шешудің тың жолы ретінде ұсынылып жатыр. Себебі, АҚШ-та 100 мыңнан астам адам ағза трансплантациясы кезегінде тұр. Көбі бүйрек алмастыруға мұқтаж.

Жалғас Сәдібекұлы


Хабарламаларға жазылу