Бишімбаев соты: Зорлық азая ма? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бишімбаев соты: Зорлық азая ма?

19.05.2024

Бишімбаев соты. Соты болғанда, үкім шықты. Бишімбаевқа 24, Байжановқа 4 жыл кесілді. Бәріміз білеміз-ау, дегенмен не анық көрінді? Бірінші. Ең құнды – адам өмірі. Екіншіден, «Өзара құрмет» және санасу дағдысы, гуманды көзқарас отбасында беріледі, қалыптасады. Үшінші. Кез-келген зорлықшының өзінің өмірі қорлықпен аяқталады.

Бұл сот шын мәнінде қоғам, мемлекет дамуындағы бетбұрысқа итермелейтін процесс. «Ана дәстүр дұрыс емес, мына көзқарас қате» деп жатамыз. Олай айтатындай негіз де бар. Бірақ бәрі өреге, санаға байланысты. Егер Абай айтқан «Үш-ақ нәрсе адамның қасиеті: ыстық қайрат, нұрлы ақыл, жылы жүрек» болса, ал қасиетсіздерді тәубесіне келтіретін заң бұзылмай жұмыс істесе шектен шығулардың арасында «чемпион» болмас едік...

Бұл соттың азапқа толы өміріне шағымдануға түрткі болғанын дипломаттың әйелі Карина Мамаш айтып отыр. «10 жыл бойы ұрды» деген арызына байланысты Біріккен Араб Әмірліктеріндегі Қазақстан Елшісінің кеңесшісі болған Сәкен Мамаштың үстінен «Азаптау» бабымен қылмыстық іс қозғалды. Карина қазір балаларымен бірге дағдарыс орталығында тұрып жатыр.

Кедейшілік тән ғана емес, рух жағынан да азып-тозуға апарады. Тоқсаныншы жылдардағы тоқыраудан кейін коррупция жайлап, жеке басқа табыну басталды. Басыну, әкіреңдеу, адамды адам құрлы көрмеу. Елде рухани бағдар қалмады... Айта берсе, әңгіме көп. Бишімбаев сотының тұрмыстық зорлық-зомбылықты тыятын күші бар ма? Данияр Қайыртайдың сараптамасы.

Қоғамды дүрліктірген сот процесі аяқталды да, қоғамның сауығу процесі басталды. Енді көбі отбасындағы зорлық-зомбылыққа төзбейтін сияқты.

Айгүл, «Үміт» дағдарыс орталығының тұрғыны:

Салтанаттың қайғылы жағдайынан кейін өзімнің қауіпсіздігімді, болашағымды ойлай бастадым. Сосын осы жерге келдім.

Түрін бүркемелеп, есімін өзгертіп жариялауымызды өтінген 37 жастағы «Айгүл» де Салтанат Нүкенованың өлімінен кейін 11 жыл бойы зорлап-қорлаған күйеуінен кетуге бел буған. Ақпан айының ортасынан бері үш қызымен бірге Астанадағы «Үміт» дағдарыс орталығын паналап келеді.

Айгүл, «Үміт» дағдарыс орталығының тұрғыны:

Салтанаттың бір жылдағы өмірі менің 11 жылдық өміріммен дәлме-дәл, бірдей сәйкес келеді. Кейін сот болғанда сотта айтылған жағдайларды көріп отырып, өзімнің өмірімді көргендей болдым. Себепсіз қызғану – патологиялық қызғану дейді ғой, түн ішінде оятып алып, осындай жағдай болды ма деп сұрақ астына алып, ұрып-соғып, сондай жағдайлар болды.

Үйінде теперіш көріп отырған осы сияқты көп әйел көнбеуге, төзбеуге, қорықпауға оқталып отырғанын зерттеушілер де байқаған.

Айгерім Құсайынқызы, гендерлік экономиканы зерттеуші, халықаралық құқық магистрі:

Қол көтерген еркектерді жариялауға, қорықпауға батылдық пайда болғаны сөзсіз. Қазақ әйелдерінің санасына серпіліс әкелген Салтанат эффектісі деген ғылыми ұғым да пайда болды. Кез келген қазақ әйелі келесі «Салтанат» болғысы келмейді.

Молдияр Ергебеков, PhD, әлеуметтік ғылымдар зерттеушісі:

Элизабет Ноэль-Нойман деген ғалымның «үнсіздік спиралі» деген теориясы бар. Адам баласы үнемі жан-жағына қарап жүреді дейді, қоғам не айтады, адамдар не айтып жатыр, қандай проблемалар бар деп, әртүрлі деректерді жинап, өзі квазистатистика шығарып жатады дейді. Нәтижесінде қандай нәрсені айтып, қандай нәрсені айтуға болмайтынын байқайды дейді. Осы «үнсіздік спиралі» доғарылды деп ойлаймын. Нәтижесінде қазір әрбір осындай проблемаға тап болған адам ашық түрде айта бастайды деп ойлаймын.

 Данияр Қайыртай, тілші:

Ішкі істер министрлігі де қазір отбасындағы бүлікшілерді жауапқа тарту көрсеткіші өскенін айтып отыр. Мысалы, осы 4 айда 44 мыңнан астам адам жазаланса, былтыр дәл сондай кезеңде 15 мыңға жуық адам жауапкершілік арқалаған. Қамауға алынғандар саны да 3 есе артқан. Бірақ бұған Бишімбаев ісінен бұрын, былтыр шілдеде бекіген Әкімшілік құқық бұзушылық туралы түзетілген кодекс әсер еткен.

Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Өткен жылдың 1 шілдесіне дейін жәбірленушінің тек арыздануы бойынша шара қолданып келсек, қазір біз арыз күтпей, құқық бұзушылықтың жасалу фактісі бойынша әкімшілік іс қозғап шара қолданып жатырмыз. Сондықтан өткен жылмен салыстырғанда құқық бұзушыларды жауапқа тарту, соның ішінде қамауға алу өсті деп айтуға болады.

Жарты жыл бойы қоғамның назарынан түспеген қылмыс оқиғасы тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қатысты заңның қатаңдатылуын да жеделдете түсті дейді мамандар. Сот ісі жүріп жатқанда бекітілген құжат бейресми түрде «Салтанат заңы» деп аталып кетті.

Жанар Нақыпбаева, әлеуметтанушы:

Бұл заңның қоғамдық санаға фундаменталды түрде отыруы үшін бірқатар іс-шаралар жасалуы керек. Отбасындағы құндылықтар құлдырай бастайтын болса, отбасында қарым-қатынастар әлсірейтін болса, әрбір қазақстандық отбасы бір терапиялық көмек, психологиялық көмек алуға болатындай бір мекемелердің көбеюі керек, ашылуы керек деп санаймын.

Жәзира Тұрсынбекова, әлеуметтік жұмыс бойынша PhD:

Әлеуметтік қызметті дамыту керек. Әлеуметтік қызметкерлерді даярлау керек. Отбасы қиын жағдайға түсті ме, оларға медиативтік көмек керек шығар әуелі. Осыларды 3-6 ай бақылап, бүлікшіні шығарып, зомбылық деген диагнозды қою керек.

Айгерім Құсайынқызы, гендерлік экономиканы зерттеуші, халықаралық құқық магистрі:

Жаңа заңға сәйкес, Қазақстанның кез келген ауданында Отбасыны қолдау орталықтары ашылады. Яғни, ол тек үйінен қашып шыққан әйел мен баланы қолдайтын кризистік орталық емес. Отбасын қолдау орталықтары отбасылармен алдын ала жұмыс жасайды.

Ал Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді зорлық-зомбылық құрбандарын қолдауға арналған қор құрды. «Бұл – Салтанаттың мұрасы, әділдік үшін күрестің жалғасы» деді ол бастамасын түсіндіргенде.

Жұлдыз Төлеу, психоаналитик:

Бұл сот процесінен жақсы бір ер азаматтардың идентификациясын көре алдық. Мысалы, Салтанаттың ағасы, қарындасын қызғыштай қорғаған, әділдік іздеген Айтымды қазіргі заманның батыры деп айтуға болады. Сол секілді жәбірленуші тарапты қорғаған Вранчев деген адвокатты. Сол секілді сот-медэксперт болған Халимназаров деген ер адамдарды жақсы бір идеал тұтатын, идентификация жасай алатын тұлғалар деп айтуға болады.

Идеалға айналғаны соншалық, тіпті түлектердің осы мамандықтарға ықыласы артуы мүмкін дейді сарапшылар.

Айгерім Құсайынқызы, гендерлік экономиканы зерттеуші, халықаралық құқық магистрі:

Жастар ішінде қорғаушыларға, адвокаттарға, прокурорларға, судьяға деген, сол мамандыққа деген қызығушылық артты, сөзсіз. Себебі Бишімбаев процесі кейбір Нетфликстің адвокаттар туралы сериалдарынан интригасы жағынан асып түскеннен кейін бұл мамандыққа деген сенім арта түседі дегенге сенім мол.

Жарты жыл бойы ақпарат айдынынан түспеген шулы іс пен шыққан үкім қоғамның сот төрелігіне деген сенімін арттырды әрі құқықтық сауатын ашты деген де пікір бар.

Жанар Нақыпбаева, әлеуметтанушы:

Халықтың арасында мемлекеттік билікке деген сенім жоғары деңгейге көтерілді. Өйткені халық түсінді, егер бір жаза болса, ол министр болсын не қарапайым адам болсын, бәріне бірдей жұмыс жасайтынын түсіндірді осы сот процесі.

Айгерім Құсайынқызы, гендерлік экономиканы зерттеуші, халықаралық құқық магистрі:

Сот төрелігіне сенім артқан сайын ол мемлекеттің «мен бұл мемлекеттің азаматы екенмін, мен құнды екенмін, менің құқығым бұзылған жағдайда мені қорғайтын мемлекет бар екен» деген сенім пайда болса, ол мемлекеттің, мемлекеттік органдардың ең құндымиссияларының бірі.

Ақмарал Серікбаева, ҚР ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы:

Іске қатысты онлайн көрсетілімдердің қоғамға беретін пайдасы зор деп айтқым келеді. Себебі жалпы азаматтардың құқықтық санасының, білімінің артуына, негативті құбылысқа немқұрайлы қоғамның көзін ашуға өте септігін тигізіп жатыр деп айтуға болады.

Алайда зорлық-зомбылыққа қарсы тұру үрдісі енді күн тәртібіндегі басқа да ақпарат нөпіріне көміліп, науқаншыл сананың тасасында қалып қоя ма деген қауіп бар, дейді әлеуметтанушы.

Жанар Нақыпбаева, әлеуметтанушы:

Қоғамдағы белсенділік, зорлық-зомбылыққа қатысты акцент жасау, фокус аудару қашанға дейін созылады екен? Егер осы зорлық-зомбылық қоғамның санасында фундаменталды түрде отыратын болса, әйелдер де, ер азаматтар да, яғни жалпы қоғам тұрмыстық зорлық зомбылыққа жол жоқ екенін нақты түсініп, осыған қатысты ұзақ мерзімді реакциялар көрсететін болса, онда ол қуантарлық әсер болып табылады.

Кез келген үрдіс медиа мен мәдениетте көрініс тапса, өміршең болады дейді келесі сарапшы. Демек өнерпаздар Салтанат Нүкенованың құрметіне картина салып, кілем тоқып, өлең шығарып, ән арнап, клип түсіріп жатқаны проблеманы қоғамның санасында бекіте түседі.

Молдияр Ергебеков, PhD, әлеуметтік ғылымдар зерттеушісі

Қоғамды бейбіт өмірге, зорлық-зомбылықтан алыс болуға және оған қарсы тұруға баулитын әндердің, өнердің пайда болуы маңызды. Осылайша кез келген конфликтіні немесе проблеманы адамша шеше алатын, адамша деген – заң арқылы шешу, консенсусқа келу немесе компромиске келу деген сияқты мәдениетті жолмен адамша шешу арқылы жасауға болатынын қоғам да үйренетін болады.

Ал Салтанат құрбан болған жолда басқа әйелдердің жігеріне жан бітті, рухы оянды. «Салтанат эффектісі» деген сол болар...Өмірге деген құлшыныс азайған жоқ, керісінше күшейді деп айтсам болады. Ондай оқиға болғанмен, менің рухымды таптай алған жоқ.


Данияр Қайыртай

Хабарламаларға жазылу