Құлсары қаласының тұрғындары коммуналдық төлемнен босатылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсары қаласының тұрғындары коммуналдық төлемнен босатылады

16.05.2024

Су тасқынынан зардап шеккен Құлсары қаласының тұрғындары коммуналдық төлемдерден босатылады. Қазіргі уақытта шаһар ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етіліп жатыр. Электр қуатына барлығы 2870 үй қосылды, су басу аймағында орналасқан 3084 үй газбен қайта жабдықталды. Аудан әкімінің айтуынша коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеру деректері тіркелмеген.

Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:
Тек қана наурыз айында жаққан шығындары төленетін болады. Егер мүмкіндік болмай жатса кейін өтеуге болады. Одан кейінгі сәуір, мамыр, маусым және шілде айындағы шығындар өтелмейді. Яғни тұрғындар тарапынан төлем жасаудың қажеттілігі жоқ.

Ал, Атырау қаласындағы ахуал әзірге тұрақты. Су деңгейі қауіпті межеден бірнеше сантиметрге асты. Алмалы, Бесікті ауылдарына тасқын судан қауіп бар. Дегенмен әр участікте кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай тәулік бойы бақыланып отыр. Алмалы ауылында Жайық ернеуінен асып, жаңадан тұрғызылған 6 метрлік бөгетке кеп тірелді. «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери қызметшілері кезекшілік етіп жүр. 50-ге жуық сарбаз, 17 мемлекеттік қызметші мен 7 арнайы техника жұмылдырылған. Өңірдегі тасқын жағдайы қазір бақылауда.

Нұрсұлтан Нұрсейіт


Хабарламаларға жазылу