Сақ қорғандары үстінен құрылыс жүргізіп, демалыс орнын салып жатыр. Меркі ауылының тұрғындары «Ақшешек» тарихи орны талқандалып жатқанын айтады. Қорғалуы тиіс қорғанның жері жекенің қолына өткен. Онда кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастаған. Данияр Әлімқұл тарқатады.
Меркі шатқалындағы «Ақшелек» сақ қорғандары ерте темір дәуірі мен кейінгі орта ғасыр мәдениетіне жатады. Халық мұны бесоба деп те атайды. «Көне мұраны көздің қарашығындай сақтаудың орнына ескерткіштер елеусіз қалды. Тіпті қорғанның қойтастары жылжытылып, үстінен демалыс орны салынып жатыр» - дейді тұрғындар.
Асқар Қызылов, ауыл тұрғыны:Бұлар міне тарихи орынның тас-талқанын шығарып жатыр. Бұл бізге келешекке керек нәрсе, біздің тарихымыз. Алғанда жекеге сатып жіберген, оны бөліп жіберген. Балбал тас жоғалды.
Ал кәсіпкер 20 сотық жерді бір жыл бұрын сатып алған. Бірақ жер теліміне тастың да, тарихтың да қатысы жоқ, - дейді.
Қайсар Молдақұлов, кәсіпкер:Ондай ештеңке де болмаған, мынаның бәрі өтірік. Бізге бергісі келмейді. Кәсіп жүргіздіргісі келмейді. Балбал тас ондай ештеңке жоқ.
Ал ескерткіштерді қорғаумен айналысатын мамандар жер жекенің қолына өткеннен бері дау туғанын айтады. Жер берерде аудандық әкімдік мамандар келісімін алмаған.
Талғат Сұлтанов, Меркі аудандық тарихи өлкетану музейінің инспекторы:Құрылыс салуға тыйым салып кеткенбіз. Салып жатса ары қарай жұмыстар жүргіземіз. Тоқтатамыз.
Жергілікті әкімдік мамандарының айтуынша, жер жекенің қолына осыдан 17 жыл бұрын берілген. Содан бері қолдан қолға өткен. Ал қорғандар мәдени мұра ретінде тіркелгенімен, мәдени ескерткіш мәртебесі берілмеген.
Бақытхан Әбжапаров, Меркі ауданы әкімінің міндетін атқарушы:Кезінде бәлкім мүлде берілмеу керек пе еді, бірақ 2007 жылдары беріліп кеткен. Оны зерделемей сол кезде беріліп кеткен шығар, мінекей қазіргі кезде көтеріліп, ашылып отыр. Жөнделмейтін нәрсе жоқ, бәрін түзетуге болады. Үкіметтікі болса қараймыз, қарастырамыз.
Демек, тарихи орын мәртебе алғанда ғана мемлекет меншігіне қайтарылады. Ол үшін алдымен археологтар ғылыми сараптама жүргізуі керек. Бірақ бұл бастама қашан басталатыны белгісіз. Айта кетейік Меркі жерінде 224 тарихи ескерткіш бар болса, оның 150-інің құжаты жоқ.
Данияр Әлімқұл