Жетісу облысында жаңадан 8 сервистік дайындау орталығы құрылды. Бұл орталықтарға қант қызылшасын себуден бастап, күзде жиын-терін науқанына қажет 60-тан астам ауыл шаруашылық техникасы алынды. Биыл аймақ тәтті түбір алқабын 12 мың гектарға жеткізсе, майлы дақылдар көлемін 9 мың гектарға ұлғайтты. Қазір өңір диқандары көктемгі дала жұмыстарының 70 пайызын орындады. Ескелді ауданының аумағында өткен алқап күнінде, шаруалар мен жергілікті атқарушы билік сала бойынша мәселелерді пысықтап, су үнемдеу технологияларымен танысты. Облыста жаңбырлатып және тамшылатып суаратын егістік көлемін 31 мың гектарға жеткізу межесі тұр.
Нұрдәулет Кененбаев, Жетісу облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
Талдықорған қаласында жаңбырлатып суғару қондырғысын жинау бойынша жұмыс басталды. Биылғы жылы күз айында бірінші өнімі шығады. Шаруаларды өзіміз қамтамасыз етеміз. Бұл бірінші кезекте баға жағынан арзандау болады.
Қуаныш Қанатұлы