Ресей астасына жұмыс сапары аясында Мемлекет басшысы Еуразия экономикалық одағының мерейтойлық саммитіне де қатысты. Онда президент Қасым-Жомарт Тоқаев кедергісіз ішкі нарық құру мәселесі мен өнеркәсіп саласындағы кооперацияны дамыту жайына тоқталды. Әрі одақтың басқа нарық ойыншыларымен қарым-қатынасына қарқын қоса түсудің маңыздылығына мән берді. Саммиттен соң тараптар жеті құжат бекітті. Данияр Қайыртай толықтырады.
Данияр Қайыртай, тілші:
180 млн тұтынушысы бар нарық. 2 трлн доллар болатын экономика. Бұл – 5 ел мүше Еуразия экономикалық одағының әлеуеті. Ал «еуразиялық бестіктің» өзара тауар айналымы қазір 85 млрд доллардан асқан. Бұл одақ құрылған кездегі көрсеткіштен екі есе көп.
Ал ендігі он жылдыққа қойылатын межені талқылау үшін бес мемлекеттің президенттері алдымен шағын құрамда жиналды. Онда олар одақ қызметінің кейбір аспектілері жөнінде пікір алмасты, делінген ресми ақпаратта.
Сосын тараптар Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің кеңейтілген форматтағы отырысына қатысты. Негізі бұл Саммит Одақтың 10 жылдығын арқау етіп отыр.
Данияр Қайыртай, тілші:
Он жыл бұрын тура осы мамыр айында Еуразия экономикалық одағын құру туралы келісімшартқа қол қойылды. Ал ол шарт ортақ нарықта «төрт еркіндік» қағидатын сақтауды көздейді. Яғни «еуразиялық бестік» аясында жұмыс күші, тауар, қызмет пен капитал емін-еркін айналымда болуы керек.
Алайда бұл іргелі міндеттер көбіне орындала бермейтіні жөнінде сын бар. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та өз сөзінде, әсіресе, тауар қозғалысының еркіндігі қамтамасыз етілмей келе жатқанына мән берді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Бізге шын мәнінде біртұтас әрі жүйелі жұмыс істейтін кедергісіз ішкі нарық құру қажет. Жасырын шектеулерді, «нақты жағдайға байланысты шешімдерді» және қолмен басқарудың кез келген түрін қолдану тәжірибесін толықтай жою маңызды.
Одаққа мүше әр ел өз экономикасын қорғау үшін протекционизмге басатынын сарапшы да айтты. «Он жыл ішінде толыққанды ортақ нарық қалыптастыра алдық деуге келмейді», - дейді Жұмабек Сарабек.
Жұмабек Сарабек, әлемдік экономика және саясат институтының сарапшысы:
Қазір санкцияға байланысты Қазақстан Ресеймен арадағы кедендік бақылауды күшейтіп жатыр. Мысалы, өткен жылдан бастап бізде екіжақты тауар айналымын бақылайтын онлайн-система қосылды. Себебі біз өз экономикамызды санкциядан сақтауымыз керек. Ол объективті қажеттілік.
Осындай бөгеттерге қарамастан, он жылда Қазақстанның одаққа мүше елдермен сауда айналымы 1,7 есе артып, 28,5 млрд долларға жеткен. Ал экспорты 2 есе өсті. Экспорт демекші, мемлекет басшысы Одақ аясындағы әріптестерін еуразиялық өнімді шетелдік нарыққа барынша белсенді шығаруға үндеді.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Әлемдік экономиканың трансформациясы аясында Еуразиялық экономикалық одақтың үшінші елдермен еркін сауда туралы келісімдер желісін кеңейтудің мәні зор. Бұл экспорттаушыларымыздың жаңа нарықтарға шығуын барынша жеңілдетуге, оларды өңірлік және жаһандық өндірістік тізбектерге қосуға мүмкіндік береді.
Саммитте тараптар Моңғолиямен уақытша сауда келісімін жасау бастамасын мақұлдады. Одақ комиссиясы бірнеше жылдан бері Мысыр, Индонезия және Араб әмірліктерімен еркін сауда аймағын құру жөнінде келіссөз жүргізіп келеді. Ал осы күнге дейін Вьетнам, Сербия, Сингапур, Иран, Қытаймен түрлі деңгейде серіктестік орнатылған.
Дмитрий Новиков, жоғары экономика мектебі халықаралық қатынастар департаменті директорының орынбасары /Ресей/:
Иранмен еркін сауда аймағы туралы келісім көп талқыдан кейін былтыр, әйтеуір, күшіне енді. Үндістанмен де сондай шарт жасасу ісі қолға алынуы мүмкін. Бұл елден көп тауар түрін арзан бағаға импорттауға болады. Ол өз кезегінде «еуразиялық бестік» аясындағы бәсекені де күшейте түседі. Айталық, ортақ нарықты жаулап жатқан Қытай тауарларының бағасы түсуі мүмкін.
Ал сыртқы нарыққа шығу үшін жол керек екені айтпаса да түсінікті. Төрт тарапты түгел байланыстырып тұрған қазіргі көлік жүйесі алдағы онжылдықта тозып тынады. Сондықтан осы бастан көлік-логистика инфрақұрылымын жаңғыртып, кеңейтуді қолға алу керек деді Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Сол себепті Қазақстан 2030 жылға дейін 11 мың шақырым теміржолға жөндеу жүргізіп, жаңадан 5 мың шақырымнан астам теміржол салуды жоспарлап отыр. «Бір белдеу, бір жол» жаһандық бастамасы аясында Қытайдың Сиань қаласында Қазақстанның терминалы бой көтерді.
Мемлекет басшысы кейінгі отырыстарда өнеркәсіптік кооперацияны дамытуды үнемі қайталап келеді. Бұл жолы, әсіресе технологиялық интеграцияны күшейткен маңызды деді. Қазірдің өзінде Одаққа мүше елдер 150-ден астам индустриалдық жоба жүзеге асырып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Жоғары деңгейде өңделген тауар өндірісін жолға қойып жатқан озық технологиялық кәсіпорындарға қолдау көрсету керек. Әрине, қаржыландыру көздеріне бірдей қолжетімділікті қамтамасыз етудің ашық механизмін қалыптастыру – маңызды міндет.
Виктория Перская, халықаралық экономикалық қатынастарды зерттеу институтының директоры /Ресей/:
Өндірістік кооперация мәселесі көптен бері талқыланып келеді. Бірақ оған бизнес дайын болмай келді. Ал енді Батыс елдерінің санкциялары бізді әлеуетіміз бен мүмкіндіктерімізді біріктіруге мәжбүрлеп отыр. Мысалы, Қазақстан мен Ресейдегі өндірістік кәсіпорындардың бірлесе отырып жұмыс істеуге әлеуеті мол екенін байқап отырмыз. Қазақстан 15 сала бойынша, ал Ресей 17 сала бойынша кооперацияны дамытуға қауқарлы.
Айтпақшы, былтыр осы өнеркәсіп саласындағы кооперациялық жобаларды Одақ бюджеті есебінен қаржылай қолдау тетігі іске қосылған еді.
Бақытжан Сағынтаев, Еуразиялық Экономикалық Комиссия Алқасының төрағасы:
Биыл ол үшін 1,8 млрд рубль бөлінбек. Қаражат кәсіпорындардың несие бойынша берешегінің пайыздық мөлшерлемесін субсидиялауға жұмсалады.
Данияр Қайыртай, тілші:
Саммит қорытындысында тараптар жеті құжатқа қол қойды. Әрі Одақтың келесі отырысын желтоқсан айында Санкт-Петербургте өткізуге уағдаласты.
Данияр Қайыртай