Петропавл қаласының көп жері топан судың астында қалғаны мәлім. Республика бойынша қираған баспананың көбі теріскейде. 4 мыңға жуық отбасы далада қалды. Су кеткеннен кейін үйлерін көруге барғандардың эмоциясын көру ауыр.. Баласы бөлек, өзі бөлек несие алып, 8 ай бұрын ғана кірген үйіне барғанда Шұға Мүсірепова да аһ ұрды. Шұға сияқты адам көп... Тасқыннан соң үйін көруге Шұғамен бірге барған Эльмира «топан су кеткен соң» деген репортаж дайындады.
Солтүстік Қазақстанда суға кеткен үйлерді бағалау жұмысы жалғасуда. Республика бойынша ең көп зардап шеккен баспаналар саны теріскейде. 4 мыңға жуық отбасы далада қалды. Петропавл қаласында табиғи апаттан зардап шеккен тұрғындарға арналған 500 үй салынады. Солнечный 2 кентінде екі аптадан бері құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Ал қалыпқа келтіруге болатын үйлер күрделі жөнделеді. 5 жарым мың адам өз мекендеріне оралып үлгерді.
Эльмира Кәленова, Тілші:
Бұл Ойқала ауданы. Қауіпті аймаққа тұрғындарға кіруге тыйым салынған. Біз Төтенше жағдай департаментіне ресми сұрау салып, рұқсат алдық. Қазір құтқарушылар бізді иелерімен бірге суда тұрған үйге апарады.
Қол созым жерге жету үшін 3 көлік ауыстыруға тура келді. Айналаны теңізге айналдырған тасқын ақырын кеуіп жатыр. Облыс бойынша 3,5 мыңнан астам үй әлі де суда тұр.
Айдар Мүсәпіров, Петропавл қаласының тұрғыны:
Аяқ астында болды. Барша халық үре түрегеліп, бәрі қашып, МЧС-тар келіп, көмектесті. Ешкімді суда қалдырған жоқ. Бар қалған дүние-мүлік, жиған-тергеніміз, киім-кешегіміз деген сияқты сондай нәрселер қалып қойды. Өзіміз аман шықтық. Бізді мәшинеге отырғызды, артымыздан су қуып келе жатты. Сол қаланың шетіне дейін су бізді артымыздан қуып отырды. Қашып құтылдық, бір сөзбен айтқанда.
Мүсәпіровтер отбасы облыс орталығына 8 ай бұрын қоныс аударыпты. Өмір бойы тұрған ауылды тастап кетуге мектептің жабылуы себеп болған. Жарты ай бұрын шаңырағын тастап кетуге мәжбүр болған ерлі-зайыпты үйлеріне бірінші рет кірді.
Үйде іске жарайтын дүние қалмаған. Су шатырға дейін көтерілгенін ізінен аңғаруға болады. Өмір бойы жиған-тергенінен айрылып, несие арқалап қалған Шұға Мүсәпірова көз жасын тыя алмады.
Шұға Мүсәпірова, Петропавл қаласының тұрғыны:
Өзім ғана емес, баламды да кредитқа кіргіздім. Жартысын бала алды, 5 миллионды, 5 миллионды өзім алдым кредитқа. Сөйтіп алған үйім. Енді мынау не болады? Дәл осылай елестеткен жоқпын. Әлгінде келе жатқанда да. Ішіне кіргенде дәл осындай көрініс көремін деп ойлаған жоқпын. Не қалмады осы үйдің ішінде, барлық 22 жыл бойы отасқандағы жинаған-тергеннің барлығы кетті.
Өзімше кеше айтым қоямын, ертең если че микроволновка анау жерде ілулі тұрған. Ертең ала келемін деп қоямын. Мына үйден неменемді аламын?
Эльмира Кәленова, Тілші:
Тасқынға дейін мұнда 1500 шаңырақ түтін түтетіп отырды. Есілдің екпіні қатты болғаны соншалық, небәрі жарты сағатта үйлердің 80 пайызын су басып қалған. Қазір тасқынның біртіндеп төмендеп жатқаны байқалады. Алайда суда тұрған үйлер әлі де жетерлік.
Ерболат Нұғыманов, СҚО ТЖД Бас Құтқарушысы:
Су кеткені көрініп тұр уже көзге. Мына үйлердің барлығы төбеге дейін болған, судың үсті. Мына жерде үй тұр әне, жылжып кеткен уже, фундаментінен. Міне мынау үйлер де жылжып кеткені бар. Павловаға жақындағанда сондай көп үйлер көрінеді. Бас көшенің ең басында көшіп кеткен үйлер өте көп.
Су тасқыны кезінде 14 мыңнан астам адам баспанасын тастап кетуге мәжбүр болды. Бүгінгі күні 6 мыңға жуық тұрғын үйлеріне оралды. Қазір су кеткен нысандарды бағалау жұмыстары жүріп жатыр.
Әсем Айтолла, Петропавл қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:
Жарамсыз деп танылды, Косогор ауданындағы 8 үй. Ол үйлер бойынша тұрғындар пәтерлерді таңдады. Қазіргі кезде жаңағы сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Үйдің квадратына байланысты қалағандарынша жер үй бола ма, әлде қаладағы пәтер бола ма, өздері таңдайды.
Тасқыннан зардап шеккен тұрғындардың қатарында баспананы бірінші болып Валерий мен Людмила Беленко алды. Арнайы комиссия олардың үйін тұруға жарамсыз деп таныған.
Ал мынау «Солнечный 2» кенті. Шағын ауданда су тасқынынан зардап шеккен тұрғындарға арналған 500 баспана салынады. «Қазақстан халқына» қоры 100 үйдің құрылысын қаржыландырылды. Жоспарға сай тағы 100-ін «ҚазақМыс» компаниясы, 300-ін «Каспий банк» салады.
Майгүл Елемесова, Облыстық құрылыс басқармасының баспасөз хатшысы:
Бір үйдің жалпы аумағы 80 шаршы метрді құрайтын болады. Құрылыс жұмыстары қарқын алған кезде бұл жерде жұмысшылардың саны 500-600-ге дейін жетеді деп күтілуде. Құрылыс аяқталғаннан кейін біздің басқарма бұл үйлерді қалалық әкімдікке тапсырады. Ал қалалық әкімдік тасқын судан зардап шеккен азаматтардың арасында үлестіретін болады.
Құрылыс алаңында қарбалас. Баспаналарды межеленген мерзімде тапсыру үшін мердігерлер екі ауысыммен жұмыс істеп жатыр.
Эльмира Кәленова, Тілші:
Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар әлі ес жия қойған жоқ. Табиғи апаттың салдарын жою үшін жылдар керек. Дегенмен облыс халқы қалыпты өмірге орала бастады. Қаз қатар тізілген мына үйлер қиналып жүрген жандардың көңіліне үміт ұялатқандай.
Эльмира Кәленова