Алматылық өнертапқыш электр қуатын өндіретін құрылғы ойлап тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматылық өнертапқыш электр қуатын өндіретін құрылғы ойлап тапты

04.05.2024

Алматылық өнертапқыш Марат Палмахов экологиялық тиімді электр қуатын өндіретін құрылғы ойлап тапты. Ол өзі «Мәңгілік қозғалтқыш" деп атаған генератор үздіксіз тоқ көзін бере алады. Өнертапқыш қарапайым құралдардан құрастырылған туындысын патенттеген. Енді қолданысқа енгізуді жоспарлап отыр.

Марат Палмахов баламалы энергия көзінен ток алуға 10 жылдан аса уақытын сарп еткен. Көп зерттеп, талай мәрте сынақтан өткізген. Нәтижесінде еңбегі ақталып, үздіксіз 10 киловатт электр энергиясын алып отыр.

Марат Палмахов, Өнертапқыш:

Бірінші ерекшелігі, бұл табиғатқа бағынбайды. Күн қуаты, жел қуаты сияқты бұған ешнәрсе керек емес. Өзімен-өзі істеп тұрады. Өзіне керекті күші 180 Вт қана қолданады. Ал беретіні 10 кВт. Бұл шағын ғана орын алады. Тоқты көбейткен сайын үлкен жер керек емес. Бұл артта тұрған 10 кВт қана. Мұны МВт,ГВт үлкейтуге болады. 

Қуан Нұрақын, Тілші:

Мына менің қолымдағы құрылысқа қажетті саймандар осы генератордан тоқ алып тұр. Сондай-ақ, мынадай зәулім үйді электр қуатымен толық қамтамасыз ете алады. Яғни үйдегі жарық, тоңызытқыш, теледидар, кір машинасы еш кедергісіз жұмыс істейді.

Қазір генераторды өндіріске қосу үшін соңғы жұмыстары ғана қалған. Яғни, толық автоматтандыру қажет. Құрылғы өзінен алған энергиядан айналманың төбесіне су шығарып отырады. Соның арқасында тоқ бөлінеді. Қазірдің өзінде Тайланд, Ресей, Украина және Еуропа елдерінен қызығушылық танытып отырғандар көп, - дейді автор.

Мақсат Өмірәлі, Жоба авторының серіктесі:

Жобамызды жөндеп алғаннан кейін бәрімен келісімге отырып барлығын жасаймыз. Болашақта біздің бар ойымыз елімізге жақсылығымызды тигізіп кетсек, халқымызға көмек болса болашақта. Сол біздің бар ойымыз. 

Өнертапқыш әр генераторды жасау үшін 4-5 миллион теңге шығын кететінін айтады. Жұмысы бағаланып, қолдау тауып жатса бұдан басқа да жобалары бар. Мәселен, ірі қалаларды түтіннен тазартуға арналған құрылғы да ойлап тапқан екен. Оны көпқабатты үйлердің төбесіне орналастырып, ауаны сүзгіден өткізуге болады дейді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу