Құлсарыда 2700-ден астам тұрғын үй ауласы судан тазартылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Құлсарыда 2700-ден астам тұрғын үй ауласы судан тазартылды

04.05.2024

Тасқыннан зардап шеккен Құлсары қаласы, әлі судан тазартылып жатыр. Қазір жұмыстың 75 пайызға жуығы аяқталды. 

Жандос Темірғали, тілші: 

Біз қазір тасқыннан қатты зардап шеккен Достық ықшам ауданында тұрмыз. Осы жердің өзінен-ақ шатыры ортасына түскен он шақты үйді байқадық. Құлаған нысандардың саны әлі белгісіз. Нақтысы, есептеу жұмысы аяқталғасын жарияланады. Жалпы шығынды есептеуге 12 бригада тартылды. Айналасы екі аптада мыңнан астам үй-жайға техникалық бақылау жүргізіліп, 1306 нысан бағаланды. Бұдан бөлек, 2700-ден астам тұрғын үй ауласы судан тазартылды. Бұл жұмысқа еліміздің әр өңірінен келген төтенше жағдайлар қызметінің 2800 дей маманы мен 125 техникасы жұмылдырылды. Бүгінгі есеп бойынша 3 млн 500 мың текше метр су қала сыртына шығарылды. Тұрғындардың өтінішін қоғамдық штаб қабылдап жатыр. 14 сәуірден бері осы штаб арқылы 3700 адамға кеңес берілді.

Ерқұл Дәулетбаев, Жылыой аудандық қоғамдық штаб төрағасы:

Жарамсыз деген үйлерді біз өзімізше орташа есеппен мың үйге жеткізіп отырмыз. Мамырдың 15-нен кейін барлық есептер шығады. Бағалау есептері, сол кезде бәрі белгілі болады. Содан кейін барып, қай жерде бір үйді орнынан сала ма, иә болмаса басқа жерден сатып ала ма, әлде өзі жөндеп ала ма, сондай варианттар тұр.

Жандос Темірғали, тілші: 

Қарғын су басқан аумақтарды дезинфекциялау әлі жалғасып жатыр. Оған 8 бригада жұмылдырылды. Қала бойынша 26 әлеуметтік нысан мен 1400 үй залалсыздандырылды. Қазір, тасқыннан кейін жарамсыз болып қалған мүліктер қоқыс полигонына шығарылып жатыр. Әрі кәсіпкерлердің шығынын бағалау үшін арнайы комиссия құрылып, жұмысын бастады. Мамандар жүзге жуық кәсіпкерлік нысанды аралап шықты.

Жандос Темірғали


Хабарламаларға жазылу