Алматы облысында 340 мыңнан аса оқушы ағаш тұқымын отырғызды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында 340 мыңнан аса оқушы ағаш тұқымын отырғызды

26.04.2024

Алматы облысында бір мезетте 340 мыңнан аса оқушы ағаш тұқымын отырғызды. «Өз ағашыңды өсір» акциясы аясында ұйымдастырылған шараға Еңбекшіқазақ ауданының оқушылары да атсалысты. 80-нен аса мектептің білім алушылары түрлі ағаштардың дәнін отырғызып, «Жасыл аймақ» бағыты бойынша сынып сағаттарын өткізді.

Есік қаласындағы № 6 мектеп-лицейінің ұжымы «Өз ағашыңды өсір» шарасына белсенді қатысты. Аудан басшысы да оқушылармен бірге арнайы дайындалған ыдыстарға шырша мен туя ағаштарының дәнін екті.

Талғат Байеділов, Еңбекшіқазақ ауданының әкімі:

Өскелең ұрпаққа қоршаған ортаны қорғау, өзіміздің құндылықтарымызды бағалау, отансүйгіштікке, елімізді, жерімізді және экология мәселесіне қатысты көптеген сұрақтар бар ғой. Сол сұрақтардың шеңберінде ашық сабақ өткізілді. 01:34

Аудан бойынша бір мезетте игі шараға 29 мың оқушы атсалысты. Шарада биология пәнінің мұғалімдері ағаштарды күтіп-баптаудың қыр-сырымен бөлісті. Балалар да жасыл экономиканың маңызына қанығып, көп мағлұмат алғандарын айтады.

Бекжан Әуелбек, 10 сынып оқушысы:

Жасыл экономика біздің болашаққа өзінің үлкен үлесін қосады. Себебі, бізден кейін өсіп келе жатқан кішкентай інілеріміз бізге қарап үлгі алу керек. 

Нұрасыл Қуандықұлы, 8-сынып оқушысы:

Негізі «Таза Қазақстан» деген акция өте жақсы құрастырылған. Өйткені біз көшелерге, әр қалаларға көбірек ағаш ексек, адамдардың денсаулығы көбірек болады. Және біздің жас адамдар оған қаттырақ қызығады. Кейін өзі өскен кезде осыны жалғастырып кете береді.

Бұл игі шараға Алматы облысы бойынша 340 мыңнан аса оқушы қатысты. Осы арқылы Президенттің орман алқаптарында 2 миллиард, елді мекендерде 15 миллион ағаш отырғызу туралы тапсырмасына өз үлестерін қосты.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу