Қазақстан трансауған темір жол құрылысына қатысуға дайын - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан трансауған темір жол құрылысына қатысуға дайын

25.04.2024

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған делегация Ауғанстанға сапары кезінде Қазақстан трансауған темір жол құрылысына қатысуға дайын екенін жеткізді. Термез – Мазари-Шариф – Кабул – Пешавар және Герат – Кандагар – Спин-Булдак темір жол жобаларын жүзеге асырудағы дайындық жоспарланды. Шойын жол алдағы уақытта Орталық және Оңтүстік Азия елдері арасында жүктерді жеткізу уақытын 10 есеге қысқартып, тасымалдау құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Серік Жұманғарин Ауғанстан Премьер-Министрінің орынбасары Абдул Гани Барадармен екі ел арасындағы әуе қатынасын қалпына келтіру мүмкіндіктерін талқылады.

Қазақстан Ауғанстанға астық пен ұн экспортын арттыруды жоспарлап отыр

Қазақстан вице-премьері кездесуі барысында Ауғанстанға қазақстандық астық пен ұн жеткізу көлемін арттыру үшін Бейнеу терминал қуатын пайдалануды ұсынды. Терминал айына 100 мың тоннаға дейін астық, 12 мың тонна ұн және 3 мың тоннаға дейін құрама жем жөнелтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Қазақстан тарапынан Қытай – Қазақстан – Түркіменстан – Ауғанстан бағыты бойынша Қытай өнімдерін Қазақстан аумағы арқылы Ауғанстанға жеткізуді әртараптандыру туралы ұсыныс айтылды. Сол күні Серік Жұманғарин Ауғанстанның Сыртқы істер министрі Амир Муттакимен, сауда және өнеркәсіп министрі Нұриддин Азизимен кездесіп бірқатар мәселені талқылады.

Тәуірбек Бозекен


Хабарламаларға жазылу