Батыс Қазақстанда көлтабандар мен қоймалар суға толды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Батыс Қазақстанда көлтабандар мен қоймалар суға толды

22.04.2024

Батыстағы Жайықтың жайына қайта оралсақ. Су - ырыс. Батыс Қазақстан облысы Жаңақала ауданында Жайықтан ойысқан мол суды алып қалу қамына кіріскен. Қазір өзеннен Көшім су жүйесіне секундына 120 текше метрден су беріліп жатыр. Есесіне отыз жылдан бері құрғап қалған көлшіктер мен сай-сала ризыққа толды.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

Біз қазір Жайықтың суы түсетін Көшім су жүйесіндеміз. Су арнасы Оралдан 50 шақырым жерде орналасқан. Мінекей, бөгет болған алып ағаштар көпірге шығарып тасталған. Тіршілік нәрі осы нысан арқылы төрт су қоймасына жіберіліп жатыр. Одан әрі қарай көлтабандарға кетеді.

Жайық суы, әуелі, Ақжайық ауданындағы Киров, Бітік, Дөңгелек су қоймаларына жетеді. Сай-саланы толтырып, ең соңында Жаңақала ауданындағы Пятимар су қоймасына келеді. Қазір қойма 85 %-ға толған. Екі қақпа арқылы көлтабандарға секундына 20 текше метрден су беріліп жатыр. Шаруалар мол ризықтың келгеніне қуанып отыр.

Айбек Тасанов, шаруа:

Көлдікте әр түрлі жерім бар. 50 гектардан 1000 рулон алып жүрдік. Биыл одан да жақсы болады деп ойлаймыз. Аудан бойынша жеріміздің су шығу көлемі ұлғайып жатыр. 30 мың гектарға жетеді деген ойымыз бар. Су келмесе, мүлдем шөп ала алмаймыз.

Ауданда 18 көл мен аумағы 48 мың гектар көлтабан, ұзындығы 426 шақырым канал бар. Жайықтың суы әуелі соларды мол-ырысқа кенелтті. Тек Қарасу Төртқұдық көлтабанының аумағы - 16 мың гектар. Жарты ауданды шаруашылық суымен қамтып отыр. Қазір ернеуінен асып тұр. Әттеген-айы - гидротехникалық құрылғылары әбден тозған. Салынғанына жарты ғасырдың жүзі болған.

Ербол Төлеуғалиев, «Қазсушар» РМК Жаңала аудандық мекемесінің учаске басшысы:

Дөңгелектің де деңгейі өте жақсы. Соның арқасында су жақсы шығып жатыр. Біз 40-50% су алдық деп айта аламыз. Төмендегі клеткаларды толтырғаннан кейін 100% су аламыз деп есептейміз. Көлтабандарда тең жартысы безхозный жатқандар бар. Коммуналдық меншіктегілер бар. Соларды реттеп, бір мекеменің балансына беру керек қой негізі.

Су - тіршілік көзі. Дария суының тек мал шаруашылығына емес, балық пен құсқа, тал-терекке, жалпы экожүйеге пайдасы көл-көсір.

Абзал Құспан, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Қазір Парламентте талқыланып жатқан Су кодексіне өзгеріс енгізу керек. Бірінші кезекте, жауапкершілік мәселесі бар. Әрбір шаруа қожалығы суды өз қажетіне бөгеп, өзінше пайдаланып жатыр. Бұл жаппай етек алды. Ол үшін Қылмыстық кодексте жауапкершілік бар, бірақ Әкімшілік кодекстегі жауапкершілікті күшейтуіміз керек.

Сондай-ақ иесіз қалған көлтабандар мен гидротехникалық қақпаларды «ҚазСуШар» қарамағына беру туралы мәселе көтерілмек. Қазір мекеме иелігіндегі су қоймалары 85 %-ға толған.

Ардақ Мұратқызы


Хабарламаларға жазылу