Шаңырақты жөндеу: Қостанай облысындағы қазіргі ахуал - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаңырақты жөндеу: Қостанай облысындағы қазіргі ахуал

21.04.2024

Қазір бір рет өтемақы төлеу, баспана сатып алу басталып кетті. Дегенмен жұмада Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев екі күнде шығындарды өтеудің алгоритмін жасауды тапсырған. Себебі үкімет бұл істің жүйелі істелуі керегін және бірнәрсе назардан тыс қалмауы тиіс екенін түсінсе керек.

Мысалы, не алып беру керек дегенде бірінші кезекте азық-түлік сақтайтын қондырғы, тамақ ішкенде отыратын мүлік, ұйықтайтын жабдық, су және жылумен қамтитын заттар деп тұрып тізіпті. Бюрократтардың тілінен аударғанда ол дегеніңіз тоңазытқыш, стол мен орындықтар, керует, суқұйғыш сияқты керек заттар.

Шығын бюджет ақшасына және бюджеттен тыс қаржыға өтеледі. Сонымен бірге ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретіндер мен астық егетіндерге қаржылай көмек көрсету алгоритмін құрастыру да тапсырылған. Енді мынадай детальдарға келейік...

Қостанай облысындағы Ақкөл ауылының тұрғындары тасқын су тас-талқан қылған 80 шақырым жолды өз күштерімен жөндеді. Әрине, толық емес, бірақ бір көлік өтетіндей етіп. Бұған бір апта уақыт кеткен. Қажетті техника, қол күші, жанар-жағармайға қажет қаржының бәрін жергілікті жұрт жинады деп жазды, Қостанайдағы меншікті тілші Дәуренбек Әбдібек.

Дәуренбек Әбдібек, тілші:

Бұл Тобыл өзенінің күншығыс бетіндегі Алтынсарин ауылы. Қостанай ауданына қарайды. Тасқыннан ең көп зардап шеккен елдімекен. Ағынның қатты болғаны сонша мына темір қазықтарды да майыстырып жіберген. Ал екі метрге дейін су басқан мына үйлердің енді тұруға жарамайтыны көрініп тұр. Су кеткесін оралған тұрғындар қазір үйлеріндегі қалған заттарын далаға шығарып жатыр. Әрине, мұның ешқайсы пайдаға аспайды. Қоқысқа тасталады.

Ғайни Қалиева 20 жыл тұрған құтты мекенінің қазіргі күйін көру өте ауыр екенін айтады. Құламай, қалқиып қабырғасы тұр демесеңіз, ішінің астан-кестеңі шыққан. Мыңнан аса адам тұратын Алтынсаринде 300 үй бар. Соның 151-іне су кірген. Көбі қайта қалпына келтіруге жарамсыз.

Ғайни Қалиева, ауыл тұрғыны:

Біз күйеуім екеуміз алдымен қойларларды алып кеттік. Тағы да қолымыздан келгенше біраз затты шығардық. Қазір қызымның үйінде тұрып жатырмыз. Тиісті көмекті алдық. Комиссия келіп үйімізді көрді. Хаттама толтырды. Енді дүйсенбіде бір шешімі шығар деп күтіп жүрміз.

Ал Руслан Жұмағалиев төрт жыл бұрын ипотекаға сатып алған үйінен ештеңе шығарып үлгермепті. Тек құжаттарын алған. Қазір отбасымен қалада пәтер жалдап тұрып жатыр. Арасында топан су талқанын шығарған баспанасына келіп кетеді. Бір күнде барынан айрылғанын көзі көріп тұрса да, көңілі сенбейді.

Руслан Жұмағалиев, ауыл тұрғыны:

Келем, қараймын. Ештеңе істегім келмейді. Үйге кірем, шошимын. Шығып кетем. Бірнәрсе істейін деймін, бірақ не істерімді білмеймін. Заттарды шығарсам, оларды қайда апарамын, не істеймін?

Алтынсаринде тасқыннан зардап шеккендердің бәрі бір реттік әлеуметтік жәрдемақы алған. Демеушілердің көмегімен тұрмыстық техника да беріліп жатыр. Бір тоңазтқыш пен теледидар Руслан Жұмағалиевтің отбасына да бұйырыпты. Баспанасы мен дүние мүлкі бүлінгені болмаса бұл ауылда мал шығыны жоқ.

 Берік Алшынбаев, ауыл тұрғыны:

Малымызды шығарып үлегердік. Малдың жаны ышқынғанын көру қиын ғой. Бәлен жыл мал ұстаймыз осы жерде. Кредит алғанбыз ауылшаруашылық мақстаныда. Биыл біраз жопарларымыз бар еді тағы. Оның бәрі қалды. Малды сатамыз енді амал жоқ.

Арнайы құрылған комиссия су кірген 151 үйге түгел қаншалықты зақым келгенін анықтап техникалық тексеру жүргізген. Қазір сол тексерістің қортындысымен иелерін таныстыру және олардың келісімін алу жұмысы жүріп жатыр. Қортындымен келіспегендердің баспанасы қайта тексеріледі. Келіскендеріне келесі кезеңде өтемақы мөлшері есептеліп шығарылып таныстырылады.

Маржан Досқалиева, Қостанай ауданы әкімінің орынбасары:

Барлық 150 үйді дүйсенбіден бастап қарай алмаймыз. Өйткені комиссияның жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіледі. Бірақ дүйсенбіден бастап дайын болған қорытындылар бойынша отырысты бастаймыз.

Баспанасы бүлінгендерге комиссия өтемнің үш түрін ұсынады. Біріншісі қайта қалпына келетін үйді жөндеуге қаржы беру, екіншісі жаңа үй салу. Үшіншісі пәтер сатып алуға ақша төлеу. Мұның бәрі үй иелерінің келісімімен жүзеге асады.


Дәуренбек Әбдібек


Хабарламаларға жазылу