«Жошы хан» қазақ болған ба? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Жошы хан» қазақ болған ба?

21.04.2024

Жазушы Ұларбек Дәлейдің «Жошы хан» тарихи романы жарық көрді.  Төрт жылға созылған ізденістің, бес ай бойы жазу үстелінде тапжылмай отырған табанды еңбектің нәтижесі — міне, алдарыңызда!

Қаһарлы Шыңғыс дәуірін, Жошы ұлысының құрылуы барысындағы қым-қиғаш оқиғалар мен қанды жорықтарды төгілте суреттеуге тырыстым. Жаңа ұрпаққа жаңа, шынайы тарих керек! Өзгелер сызып берген шеңберді қирататын шақ келді» деп жазды Ұларбек Дәлейұлы.

Өз тарихыңды білмеу – қасірет. Ал одан жаманы – тарихты қате оқу, қате зерделеу. Иә, тарихи роман тарих оқулығы емес. Дегенмен тарихи сананы өсіреді. Мысалы, біздің Жошы ұлысын, Алтын Орданы таразылай алмағанымыз, біздің тарих емес сияқты көргеніміз рас ғой. Бөтенсігеніміз, дұшпандық көзқараспен қарағанымыз...

Астанада өткен халықаралық кітап жәрмеңкесі аясында кеше «Жошы хан» романының таныстырылымы өтті. Оқып болғасын пікірталастырсақ. Елдос Есенболдың материалы.

Ұларбек Дәлейұлы, жазушы:

Тәуелсіздік алдық дейміз, бірақ тәуелсіздік алған күннің өзінде өткен тарихымызды іздеуге деген құлшыныс бірден оянған жоқ. Осы соңғы уақытта біз өз-өзімізді іздеп жатырмыз. Отарлаушылардың қолымен жазылып берген біздің қаншама өтірік тарихымыз бар. Қаншама қазақ соған әлі сенеді.

Ұларбек Дәлейұлының «Жошы хан» туралы тарихи роман жазуының себебі де сол - өзімізді өзіміз тануға септесу.

Ұларбек Дәлейұлы, жазушы:

Жошы ханды жазу үшін 4 жылдай іздендім. Қаншама архивтерді ақтардым. Моңғолияға бардым арнайы сапар шегіп. Енді нақты туған жерін білмесек те сол дала ғой әйтеуір Жошының. Қаншама жерді аралап, карталар жасап, соғыс карталарын жасап, ұлыстардың орналасу карталарын жасап келдім. Қыстың қалай маған есімде жоқ. 5 айға жуық уақыт бойы жазып нүктесін қойдым ғой

Қалбан Ынтыханұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конфуций институтының директоры:

Бұнда Жошының ерлігі, Жошының осы даланы сақтап қалу жолында өзінің маңайына осы көшпенді халықтарды ұйымдастырып осы Ұлытау даласында ең алғашқы Алтын Орданың негізін қалағандығы өте тартымды жақсы жазылды деп ойлаймын. Болмысы, қалай хан болды, қазақ даласына қалай келіп орналасты, олар қайдан келді ата-бабасы кім еді, кімдер еді, қасында кім ерді деген сұраққа осы Жошы хан романын жауап табуға болады.

Жошы – Шыңғыс ханның үлкен ұлы екенін, шамамен 1187-1227 жылдар арасында өмір сүріп, Алтын Орда деген алып мемлекеттің бастауында тұрғанын айту артық болар.

Тұрсынхан Зәкенұлы, тарих ғылымдарының докторы, Л.Гумилев атындағы еуразия ұлттық университетінің профессоры:

Сартауыл жорығынан қайтқаннан кейін Шыңғыс хан менен Жошы кездеседі дейді. Ертістің бойында Бұхар иегі деген тауда. Осы кездесуде айтқан екен. Сен осы қол астыңа қаратқан жерлерді бүкіл Мауренахрді, Хорезмді, Кавказдың оңтүстігі мен теріскейін, оңтүстік орыс даласын, Еділдің бойын өз басқаруыңа ал және ұрпағыңнан ұрпағына бер деп.

Тарихшы ғалымдар бүгінгі қазақ пен Жошының байланысын былай келтіред.

Берекет Кәрібаев, тарих ғылымдарының докторы, профессор

Қазақтар бүгінгі күні өз жерінде Қазақстан Республикасы атты мемлекетті қалыптастырып отыр. Территория Қазақстан деп аталады. Осы Қазақстанның негізі Қазақ хандығының құрылуынан шығады. Ал Қазақ хандығындағы саяси элита, мемлекеттік құрылым, дәстүр бәрі осы Алтын Ордадан алынады.

 Ұларбек Дәлейұлы, жазушы:

Жошы ұлысы деген біз. Біз Жошы хан құрған мемлекеттің кейін Бату хан іргесін кеңейткен Алтын Орда деп аталатын елдің 65-70 пайызында отырмыз. Жошы ұлысының сол кезде шаңыраған көтеріскен тайпалар, рулар бірігіп қазақ деген ұлт болды.

Яғни түп мақсаты да сол. Қазақ деген ұлттың сан ғасырлық трансформациядан өтіп, бүгінге күнге жеткенін тізбекті үзіп алмай қағаз бетіне түсіру. Әрі насихаттау.

Қалбан Ынтыханұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конфуций институтының директоры:

Қазақстан бұрын найман деген атау бар. Қазақстан бұрын керей деген атау бар. Қазақстан бұрын қоңырат деген ру бар. Қазақстан бұрын жалайыр бар. Ол кезде қазақ деген сөз жоқ Шыңғыс заманында. Бірақ осылардың бәрі қазақ па? Мысалы, Қытайдың бірде мемлекеттің тауы таң, бірде суң, бірде чиң, циң болып кете берді. Енді мемлекеттің аты өзгереді. Бірақ оның халқы өзгермейді.

Ұларбек Дәлейұлы, жазушы:

Тарихты іздеудің ең бір мәнін айтайын ол рух іздеу. Мысалы жаңа Шыңғыс ханға таласты қарасаңыз, Шыңғыс ханның кім болуы маңызды емес. Бұл жерде рух жатыр да... Шыңғыс хан қазақ екен деп рух алғысы келеді. Қырғыз екен деп қырғыздар қызығады. Рухтанғысы келеді сол арқылы.

Қалбан Ынтыханұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конфуций институтының директоры:

Біз кімнен қалай жеңілдік, біз тарихтың қай жерінен ұтылдық, қай кезде біз қателік жібердік соның бәрі бізге сабақ.

Жошы хан тұлғасының қуаттылығын оның әулеті 6 ғасыр бойы Орталық Еуразияға ықпал еткендігінен оңай байқалады. Бірақ Жошы бейнесінің тарихта әлі толық ашылмай жатқанын мамандар былай түсіндіреді.

Қалбан Ынтыханұлы, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті конфуций институтының директоры:

Жошы ханның ғұмыры қысқа болды. Өзіне қоныс бөлінгеніменен хан ретінде тағайындалмады. Қайтыс болып кетті. Ол кісі жорық бастап, хан ретінде, мемлекеттің иесі ретінде жұмыс істеген жоқ. Осындай тарихи себептерменен Жошының күңгірт қалған себебі солай.

Сондықтан Жошы жөнінде, ол құрған ұлыс жайлы бүге-шігесіне дейін іздену үшін Жошы ұлысын зерттеу институты құрылған. Жақында жарық көруі тиіс Қазақстанның жаңа академиялық жеті томдық тарихының бір томы Жошы ұлысына арналма.

Аслан Абдулла, Жошы ұлысын зерттеу институтының ғылыми қызметкері

Біздің институт шет елдік серіктестерімізбен басқа институттармен бірігіп Жошы хан туралы 400 беттей монография шығардық. 2025 жылы бізде тағы бір үлкен жоспарымыз Керей Жәнібектен бастап бүкіл хандардың Абылай ханмен аяқталатын мемлекетіміздің тарихындағы үлкен бір монографияны шығарамыз.

Егер осындай зерттеу еңбектері көркем шығармаға арқау болып, қарапайым адамдарға тарихты ұғынықты етсе, бұл шынында олжа.

Валерий Луковцев, аудармашы, баспагер (Саха республикасы):

Бізді саха жұртын, қазақтарды, алтай халықтарын Жошы ханның тағдыры қызықтырады. Жаһандану заманында салыстырмалы түрде саны аз ұлттарға жұтылып кетпей өмір сүру өте қиын. Сондықтан саха жұртына қазақтардың өз тарихын танудағы тәжірибесі ұнап жатыр. Мен өзім аудармашы болғандықтан осы «Жошы хан» романын саха тіліне аударып, басып шығарғым келіп отыр.

Ұларбек Дәлейұлы, жазушы:

Біз өз шын тарихымызға оралуымыз керек. Ол тек Шыңғыс дәуірінен басталмайды. Ол ғұндардан басталады. Ол түріктерге жалғасады. Атақты көктүріктер Елтеріс құрған. Осы тарихтан біз тамырымызды үзе алмаймыз ешқашан.

Ал Жошы ханға 5 жылға жуық уақытын арнаған Ұларбек Дәлейұлы енді Жошының ұлы Бату хан туралы роман жазуға кірісемін дейді. Ал Жошы жайлы роман сатылымға шықты. Көпшілік оқып болғасын қызу талқылайтын шығарма болса, Ұларбек ғана емес, бәріміз раһаттанып, һәм рухтанармыз.


Елдос Есенбол

Хабарламаларға жазылу