Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ - Президент - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ - Президент

21.04.2024

Қырғыз Республикасының президенті Садыр Жапаров келіп кетті. Су тасқыны кезінде қырғыз халқының қайта-қайта гуманитарлық көмек жібергені рас, жүректі елжіретеді. Сапар барысында Астанада Манасқа ескерткіш қойылды.

Қырғыз ағайынның жауһар жыры «Манас» эпосын совет идеологиясына жат қылып көрсетіп, жоқ қылу әрекеті 50 жылдардың басына дейін жүрді. Жоқ қыла алмайды ғой, бірақ қаншама зардабы болады. Эпостың інжу-маржан екенін дәлелдеуге білім ғана емес, күрескерлік керек еді. Жүрек.

Сол жолда Мұхтар Әуезовтың еңбегі зор. Қысқа қайырсақ, қырғыз ғалымдарымен бірге «Манасты» ұлықтайтын қаулы шығартуға ықпал еткен. Айта кететіні, «Манас» эпосын 1930 жылдардан бастап зерттеген жазушы, «Қырғыздың батырлық эпосы «Манас» деген көлемді монографиялық еңбек жазған.

Қырғыз ағайындардың кейін Әуезовке Ыстық көлдің жағасынан жер учаскесін бергені соған рақметі. Шолпан-Атадағы шаңырағы 1970 жылы кітапхана-музей болып ашылған. Алайда соңғы уақытта қараусыз қалған... Екі жыл бұрын Президент Қ.Тоқаев арнайы барды, рухани орталық енді қараусыз қалмайтын сияқты.

Осындай шегіністер.

Қырғыз президентінің сапары туралы Данияр Қайыртай.

Данияр Қайыртай, тілші:

Осыдан тура 3 жыл бұрын Қазақстанға мемлекеттік сапармен келген Қырғыз президенті бұл жолы ресми сапар жасап отыр. Қазір екі ел басшылары шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізіп, саяси және экономикалық қарым-қатынастың мән-жайын талқылауға бара жатыр.

«Қырғыз бен қазақтай бір-біріне жақын халық жоқ». Президент сөзін ел ауызындағы осы тұжырымнан бастады. Бұл бауырластық, әсіресе, қиын-қыстау кездері анық көрінеді. Мемлекет басшысы елдегі селге байланысты өз бастамасымен жалпы есебі 350 тоннадай гуманитарлық көмек көрсеткені үшін көрші елдің президенті мен халқына алғыс айтты. Қыста Бішкектің жылу қазандығы істен шыққанда Қазақстан да қол ұшын созып, 2 мың тонна дизель отынын жібергені есте.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Қазақстан және Қырғызстан бауырлас елдер. Біз тату-тәтті көршіміз. Салты мен тарихы тамырлас, достығы жарасқан халықтармыз. Әрдайым бір-біріміздің тілеуімізді тілеп, жетістіктеріміз үшін қуанамыз.

Осының арқасында қазақ-қырғыз қарым-қатынасы қарқынды дамып келеді. Былтыр өзара тауар айналымы 26 пайыз өсіп, 1 жарым млрд доллардан асқан. Ендігі меже – 2 млрд доллар. Оған әлеует жетеді. Қазақстан қазірдің өзінде 195 түрлі тауардың экспорт көлемін ұлғайта алады. Оның жалпы құны – 260 миллион доллар. Әсіресе, агроөнеркәсіп секторында мүмкіндік мол деді президент кейін брифингіде.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Былтыр екі мемлекеттің осы саладағы тауар айналымы 10 пайызға артып, 300 миллион долларға жетті. Біздің елдеріміз үшін өнім көлемін ұлғайту, бірлескен кәсіпорындар ашу, ғылыми-зерттеу институттары арасында байланыс орнату өте маңызды.

Бұдан соң президенттер Жоғары Мемлекетаралық кеңестің алтыншы отырысына қатысты. Бұл жиын осыдан 5 жыл бұрын Бішкекте өткен еді. Сондықтан бұл отырысты президент Қасым-Жомарт Тоқаев «көптен күткен маңызды басқосу» деп атады. Әрі кеңестің кезекті отырысы «ынтымақтастық аясын кеңейтуге жол ашатынына» сенім білдірді.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біз одақтастық байланысты нығайтуды қолға алдық. Бүгін біз тарихи келісімге қол қоямыз. Осы маңызды құжат қазақ-қырғыз қатынастарының дамуына тың серпін беретініне ешқандай күмән жоқ.

 Садыр Жапаров, Қырғыз Республикасының Президенті:

Қырғызстанның атқарушы билік органдары екі ел арасындағы Жоғары мемлекетаралық кеңестің шешімдерін іске асыру үшін тиісті шараларды жүзеге асырып жатыр.

Келіссөздерден соң президенттер екі ел арасындағы Одақтастық қатынастарды тереңдету және кеңейту туралы шартқа қол қойды. Одан бөлек тағы 6 маңызды құжат бекітілді. Оның ішінде шекарадағы автомобиль өткізу пункттерін дамытуды көздейтін Жол картасы да бар.

 Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Жол картасына сәйкес бүкіл өткізу пунктері бір уақытта реконструкция және модернизациядан өткізілетін болады. Ол не береді? Қазір, мысалы, 600 мың көлік құралы өтіп жатқан болса, осының қуаттылығын екі есе өсіруге, яғни 1 млн астам көлік өткізуге және 17 млн 17,5 млн дейін жолаушы өткізуге мүмкіндік береді.

Сосын бұрын жабылып қалған Бесағаш және Камышановка өткізу пунктерін қалпына келтіру жоспарланып отыр. Алайда ол, кемі, 4 жылсыз бітпейтін шаруа.

Нуриддин Сұлтанмұратов, Әл-Фараби ат. ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды зерттеу орталығының сарапшысы:

Негізі бізден гөрі ол Қырғызстанға қаттырақ керек. Өйткені біздің территориямыз Қырғызстан үшін транзиттік территория деп есептелінеді. Мысалы, Ресеймен қарым-қатынас бойынша, біздің үстімізден өтеді. Ал Ресеймен тауар айналымы Қырғызстанда 2022 жылдың қорытындысы бойынша 3,5 млрд.

Ал тағы бір хаттамаға сәйкес, тәулігіне 8 сағат қана жұмыс істейтін Кеген арнайы пункті күндіз-түні көлік өткізетін режимге көшірілмек. 2026 жылға қарай. Оған дейін сол бекеттен республикалық және халықаралық трассаларға шығатын жолды да жөндеп үлгеру керек дейді сарапшы.

Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды зерттеу орталығының сарапшысы:

Кеген өткізу пунктін ашқан күннің өзінде сол пунктен бастап Алматы не Талдықорғанға дейін жеткізілетін инфрақұрылым қаншалықты дамыған? Немесе Кеген өткізу пунктінен бастап халықаралық көлік дәліздеріне дейін жететін жолдың сапасы қаншалықты? Сол келісімшартың арқасында өткізу пунктінен үлкен көлемде көліктерді жолға қоятын болса біз соны қамтамасыз етіп бере аламыз ба?

Тағы бір Үкіметаралық құжат инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғауды көздейді.

Думан Жекенов, Әл-Фараби ат. ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды зерттеу орталығының сарапшысы:

Бизнесмендерге мемлекеттің өзі кепілдік береді: «Сіз қорықпай инвестиция салыңыз, себебі тек қана кәсіп емес, екі мемлекет басшылары сіздің инвестицияларыңыздың жоғалмауына, қауіпсіз болуына, сіздің қайта пайда табуыңызға кепілдігін беру үшін шартқа қол қойды» деп.

Мәселен, осы сапар аясында өткен екі ел кәсіпкерлерінің форумында жалпы құны 300 млн доллар болатын 9 коммерциялық келісімшартқа қол қойылған. Оның ішінде Ыстықкөл облысында қазақ инвесторларының қаржысына күн энергиясы станциясын салу жобасы бар. Біздің бизнесмендер Жалал-Абад облысында ферроқорытпа зауытын салуға да ниетті. Ал ондаған жыл талқыланып, іске аспай келе жатқан тағы бір жоба – «Қамбар ата-1» су электр станциясы.

Алмасадам Сәтқалиев, ҚР Энергетика министрі:

Жалал-Абад облысындағы Нарын өзенінің бойына салынады деп жоспарланған «Қамбар ата» гидроэлектр станциясының құрылысы жөнінде талқы болды. Президенттер жобаны іске асыру туралы Үкіметаралық келісімді әзірлеуді тапсырды. Жобаның шарттары, құны мен мерзімі кейін анықталады.

Бұл станция екі ел арасында су-энергетика саласындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етеді. Ал қазір Қазақстан көрші елге қыстыгүні электрқуатын берсе, олар бізге егін науқанында су жіберетін «дәстүр» қалыптасқан. Осы «дәстүр» кейде сес көрсететін саяси құралға айналып кететіні де бар.

Нуриддин Сұлтанмұратов, Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ аймақтық қатынастарды зерттеу орталығының сарапшысы:

Жаздыгүндері кейде бізде су жетіспеушілігі байқалады. Бұны Қырғызстан үкіметі арасында түсініспеушілік болған кезде өзінің бір саяси факторы ретінде пайдаланатын кездері болады, оны мойындау керек. Бірақ екі тарап осы мәселені шешуге ұмтылып отыр.

Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:

Біз бүгінгі күні сәуір, мамыр, маусым айларына келістік. Енді шілде, тамыз, қыркүйек айларына біз маусым айында Қырғызстанда кездесеміз қосымша. Сол жұмыстың арқасында вегетация кезінде су тапшылығы болмайды.

Қасым-Жомарт Тоқаев «мәңгілік достық пен мызғымас бауырластық жалғаса береді» деген сеніммен президент Жапаровқа табыстаған І дәрежелі «Достық» ордені мен қырғыз халқының мақтанышы Манас батырға қойылған еңселі ескерткіш елдер арасында әлдеқандай түйткілдің тумауына ықпал ететін шығар.


Хабарламаларға жазылу