Тұрғындар мәжбүрлі түрде эвакуациялана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тұрғындар мәжбүрлі түрде эвакуациялана бастады

21.04.2024

Батыс Қазақстанда жағдай әлі де күрделі. Орал қаласының тұсындағы Жайықтың суы шекті деңгейден асып кетті. Шаған өзенінен де үлкен қауіп төніп тұр. Сондықтан аталған қос өзеннің жағасында орналасқан саяжайлардан көшуден бас тартқан тұрғындар мәжбүрлі түрде эвакуациялана бастады.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Жайықтың деңгейі 854 сантиметрге жетті. Кей аудандарда Шаған өзені ернеуінен тасып, зообақ және «Телеорталық» аумағындағы саяжайлар қауымдастығын су басты. Ондағы тұрғындардың басым бөлігі тасқын қауіпі төнген сәтте-ақ эвакуацияланса, көшуден бас тартқандары қызыл су үйлеріне кіре бастағанда заттарын тастап қашуға мәжбүр болған. Қазір солардың бірсыпырасы құжаттарн алып кету үшін қайта оралып жатыр.

Төлеген Қалиев, қала тұрғыны

Арыз әлі жазған жоқпын. Су келмегесін жаман ырым бастамай-ақ қояйын деп, сағат 6-ға 20 минут қалғанда кеттім. Велосипедпен қашып кеттім таңертең. Тасқын келіп жатқанда қашып кеттім.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Тұрғындар су басқан үйлеріне жете алмай әлек. Сондықтан жергілікті биліктен көмек сұрап отыр. Тасқын басталғалы бүгінге дейін саяжайлардағы 3 мыңнан астам үйге су кірген. Қауіп әлі сейілген жоқ. Қазір тасқынға қарсы күрес жұмыстарына 10 мыңнан астам адам, 3000 мыңға жуық техника жұмылдырылған. Жағдай ушығатын болса 5 тікұшақ пен 197 қайық дайын тұр.

Шерхан Жамбылұлы

Нұрсұлтан, демек жағдай күрделеніп келеді ме? 

Нұрсұлтан Тілектес, тілші: 

Тиісті құрылымдар күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Аймаққа Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев пен Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов келді. Тіпті жергілікті билік БАҚ өкілдеріне қауіпті уачасткелерден, нақтырақ айтсақ оқиға орнынан хабар таратуға тыйым салды. Олар бұл қадамға жураналистер мен операторлардың қауіпсіздігі үшін барғанын айтып отыр. Сондай-ақ дрондардарды қолдануға да рұқсат жоқ. Десе де қолдан келгенше өңірдегі жағдайды дер кезінде баяндап отыруға тырысамыз. 

 Нұрсұлтан Тілектес


Хабарламаларға жазылу