Қарағанды облысында екі апта ішінде 4 бала терезеден құлаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды облысында екі апта ішінде 4 бала терезеден құлаған

18.04.2024

Қарағанды облысында соңғы екі аптада 4 бала терезден құлап, жарақат алды. Аймақта жыл сайын көктем-жаз мезгілінде осыған ұқсас 20 шақты жағдай тіркеледі, - дейді мамандар. Мұндай оқиғаларды болдырмау үшін ата-аналарға не істеу керек? Тілшіміз Жандос Бақытұлы анықтап көрді.

Қарағанды облысында өткен жылдың өзінде 25 бала терезеден құлап, 23-і жарақат алған. Ал, үшеуі қаза тапқан. Бұл сандар жылдар бойы қайталанып келе жатқанын ескерсек балалар үшін қауіп әлі де бар. Биыл сәуір айының басында 4 бала терезеден құлап кетіп, түрлі жарақат алған.

Ерік Шонбаев, облыстық травматология қызметі ахуалдық орталығының басшысы:

Жыл сайын мұндай оқиғалар қайталанып тұрды. Бұл жолы жиілеп кетті. Ата-аналар терезесін ашып, балаларын қараусыз қалдырады. Ақыры осындай қайғылы жағдайларға алып келеді. Балалардың барлығы аман қалды. Тиісті көмек көрсетілуде.
Өңірде терезеге қауіпсіздік құрылғыларын орнататын мамандардың көмегіне жүгінетіндер саны аз. Тұрғындар қайғылы жағдайға тап болғаннан кейін, қолын мезгілінен кеш сермеп жатады дейді мамандар.

Төтенше жағдайға жауапты қызметкерлер де қолдан келгенше ескертулер жасап, құлақтандырып жатқандарын айтады. Бірақ, балалардың терезеден құлау дерегі азайып жатқан жоқ.

Нұржан Жақатаев, облыстық ТЖД Төтенше жағдайларды жою басқармасының басшысы:

Департамент қызметкерлерімен бірге алдын алу шаралары жүргізіліп отырады. Ата-ананың қауіпсіздік мәселесіне байланысты қазіргі кезде әр түрлі алдын алу шараларын ұйымдастыруға болады. Барлық терезеге емес, арнайы сетка орнатылған жерге қойса болады.
Терезеге орнатылатын қауіпсіздік қондырғыларының 90% апаттың алдын алады дейді мамандар. Ауа райының жылынғанын ескерсек мұндай оқиғалар әлі де қайталануы мүмкін. Сондықтан ата-аналар барынша сақ болуы керек.

Хабарламаларға жазылу