Маңғыстауда азық-түлік тапшылығын болдырмаудың амалдары қолға алынды. Көрші Атырауда су тасқынына байланысты жол жабылғандықтан, тауар тиелген жүк көліктері жолда кідірген. Сондықтан азық-түлік Ақтауға теміржол арқылы жеткізіліп жатыр. Аймақтағы эвакуацияланған азаматтарға құқықтық және ақпараттық қолдау көрсететін қоғамдық штаб құрылды. Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтсын.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Азық-түлік тиелген вагондардың алғашқы легі келіп жетті. Міне мына вагонда 15 тонна картоп, 30 тоннадай ұн, секер және басқа да азық түліктер жүктелген. Жұмысшылар тауарларды түсіріп жатыр. Өнімдер көп кешікпей Ақтаудағы сауда орындарына таратылады.
Атырау-Ақтау бағытындағы жолдың жабылуы, Маңғыстаудың азық-түлік қауіпсіздігіне қауіп төндірді. Өйткені, бұл жол арқылы өңірге еліміздің басқа облыстарынан және Ресейден күніне 200 тоннадай азық-түлік тасымалданатын. Сол 2 күн бойы келмей қалды. Оның үстіне су басқан өңірлерге Маңғыстаудан 600 тонна азық-түлік жіберілген. Ал облысқа 20 мыңнан астам адам эвакуацияланды. Салдарынан қоймалар ортайып, дүкендер босай бастаған.
Дастан Мұратәлиев, облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы:
Кешеден бері 17 вагон келді. Жолда қазір 13 вагон азық-түлік келуде. Одан кейін сол Атырау қаласы арқылы Кеден сервис мекемесі арқылы қазір тағы да 6 вагон дайындалуда. Жалпы өңірімізде қазіргі таңда азық-түлік әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары 2 күнмен 83 күннің аралығында жеткілікті. 9 мың жарым тоннадай азық-түлік былай айтқанда қор бар.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қазір Ақтауда 24 уақытша орналастыру пункті жұмыс істеп тұр. Оларда Атырау облысынан келген 1 мыңнан астам адам бар. Эвакуацияланғандар азық-түлікпен, дәрі-дәрмекпен қамтылып, жайлы жағдай жасалған. Десе де оларға құқықтық көмек қажет. Осы мақсатта облыста қоғамдық штаб жұмысын бастады.
Аят Сүгірбай, қоғамдық штаб төрағасы:
Эвакуацияланған азаматтардың құқықтары қабылдаушы тараптан ешқандай бұзылмайды. Бұзылып та жатқан жоқ. Толыққанды олар өздерінің құқықтарын пайдалана береді. Енді біздер қоғамдық штабтың басты мақсаты-азаматтарды ақпараттандыру, түсіндірме жұмыстарын жүргізу.
Аймақта Атырау облысы Жылыой ауданынан келген 2 мыңнан астам оқушы мен 54 студент бар. Оларға да барынша жағдай жасалған. Балалар 52 мектепке бекітіліп, дәстүрлі және онлайн форматта сабағын жалғастырып жатыр.
Аягөз Оралбайқызы, тілші:
Қазір облыста жағдай тұрақты. Соңғы мәліметке сүйенсек, аймаққа 20 мыңнан астам адам келген. Олардың басым бөлігі жеке тұрғын үйлерге орналасты. Бірақ, айта кететін жәйт, Ақтаудағы эвакуациялық пункттерде орын тапшы. Өйткені Құлсарыдан келгендердің көбі қалада тұруға ниетті.
Аягөз Оралбайқызы