Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтап қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтап қалды

12.04.2024

Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені 14,75% деңгейінде сақтап қалды. Орталық банк басшысы Тимур Сүлейменов: «мұндай шешімге инфляцияның баяу төмендеп келе жатқаны себеп», - дейді. Әрі су тасқынының салдарын жоюға да бюджеттен қаржы жұмсалатыны белгілі. Ал, ол шығынның мөлшері әзір нақтыланған жоқ.

Ұлттың банктің есебі бойынша, ішкі экономикада инфляция қысымы әлі сақталып отыр. Соңғы екі айда ол біршама бәсеңдегенімен, қарқыны әлі де төмен. Ал ақша-кредит саясатын одан әрі жеңілдетуге байланысты мүмкіндік шектеулі. Сондықтан Ұлттық банк түрлі қауіп-қатерді ескере отырып мөлшерлемені өзгеріссіз қалдырып отыр.

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық Банкі төрағасы:

Инфляцияны одан әрі 5% мақсатқа дейін төмендету үшін көбірек күш салып, базалық мөлшерлеме деңгейін өзгертуде мұқият болу керек. Біз бірізді қағидамызды сақтаймыз және бұрын айтылған риторикаға сәйкес әрекет етеміз. Біз инфляцияның бір жолғы факторларды ескермейтін тұрақты бөлігін бақылай береміз.

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені азайту үшін инфляция тұрақты түрде төмендеуі қажет деп есептейді. Ал бүгінде оның тұрақсыздығына коммуналдық тарифтердің едәуір қымбаттауы да әсер еткен. Соның салдарынан байланыс пен қызмет көрсету секторында да баға өсті.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банк төрағасының орынбасары:

Жылдық инфляция соңғы екі жылдағы төменгі шегіне жетті. Бұл жақсы жаңалық. Алайда, инфляция әлі де жоғары. Мақсатымыз – оны 5%-ке дейін төмендету. Сондықтан, бүгін ставканы сақтап қалдық. Инфляция қалыпты баяулағанын күтеміз. Себебі халыққа да, бизнеске де керегі – төмен инфляция.

Ұлттық банк басшысы әлем елдерінде де ақша-кредит саясаты жұмсартылмағанын алға тартады. Оның үстіне, қазір су тасқынына байланысты тәуекелдер туындағанын, реттелетін қызметтер саласындағы реформаларды ескерсек, Қазақстан үшін де қазір ақша-кредит шарттарын жеңілдетуге мүмкіндік аз дейді Тимур Сүлейменов. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 31 мамырда қабылданады.

Айя Мүтәлі


Хабарламаларға жазылу