Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде сақтап қалуды жөн көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде сақтап қалуды жөн көрді

05.07.2023

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені 16,75 пайыз деңгейінде сақтап қалуды жөн көрді. Себебі, инфляцияның қарқыны бәсеңдегеніне қарамастан, халықтың инфляциялық күтулері жоғары болып тұр. Әрі инфляция бойынша болжамдар қайта қаралып, ортамерзімді мақсат нақтыланып отыр. Орталық банктің мақсаты бойынша, жылдық инфляция 5 пайызға дейін жақындауы керек.

Инфляциялық қысым жаһандық деңгейде бәсеңдеп келеді. Бірақ бірқатар елде оның қарқыны әлі де сақталып отыр. Сол үшін дамыған елдер де монетарлық саясатты қатаң ұстауға ниетті. Сонымен қатар, ішкі нарықта жанар-жағармай мен коммуналдық қызметтер бағасының өсуі инфляциялық тәуекелді әлі де күшейтіп тұр.

Ғалымжан Пірматов, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы:

Жанар-жағармай бағасы сәуір айында көтерілді. Коммуналдық қызметтер біртіндеп көтеріліп келе жатыр. Яғни, олар инфляцияға тікелей әсерін көрсетеді. Ал біздің одан да мұқият қарап отыратынымыз, тікелей емес, жанама әсерлері. Бұл бағалар өскеннен кейін басқа қызметтердің де бағасы өсуі мүмкін.

Сондай-ақ орталық банк жылдық инфляцияны 5%-ға жуық деңгейде ұстап тұруға мақсат қойды.

Ақылжан Баймағамбетов, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары :

Біздің экономикамыз үшін инфляция бойынша оңтайлы таргет 4%-дан жоғары болып 7%-дан аспайды. Көптеген бағалаулар инфляцияның 5%-дағы таргетінің оңтайлылығын көрсетуде. Осыған байланысты Ұлттық Банк жылдық инфляцияны 5%-ға жуық деңгейде ұстап тұруға шешім қабылдады.

Инфляцияның қарқыны бәсеңдей беретін болса, ол базалық мөлшерлемені төмендетуге мүмкіндік береді. Келесіде шешім қабылдарда болжамдарды жаңартып көретінін айтқан Ұлттық банк басшысы алдағы уақытта базалық мөлшерлемені төмендету мүмкіндігін қарастырамыз деп мәлімдеді. Кезекті шешім тамыздың 25 күні жарияланады.

Самал Қабышева

Хабарламаларға жазылу