Петропавлдағы Заречный кентінің тұрғындары жаппай қауіпсіз жерге көшірілуі тиіс - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлдағы Заречный кентінің тұрғындары жаппай қауіпсіз жерге көшірілуі тиіс

10.04.2024

Петропавл қаласы Заречный кентінің тұрғындары жаппай қауіпсіз жерге көшірілуі тиіс. Тасқыннан қауіп күшті, сондықтан бейжай отыруға болмайды. Эвакуациядан бас тартып жатқан тұрғындарға тағы да ескерту берілді. Солтүстік Қазақстандағы әріптесім Эльмира Кәленова студиямен тікелей байланыста. Эльмира, тасқын су Петропавлға қай күндері жетеді? Болжам қандай?

Эльмира Кәленова, тілші:

Қазір уақыт тығыз, қалада қарбалас. Есіл өзенінің жағасында орналасқан Заречный кенті, Былғары зауыты шағын ауданы мен бірнеше саяжай қауымдастығына қауіп төніп тұр. 2017 жылы Заречный кентіндегі 130-дан астам үй мен жүздеген саяжай су астында қалған болатын. Ал биыл жағдай тіптен күрделі болмақ. Өйткені, Сергеев су қомайсының ернеуінен асқан су рекордтық көрсеткіштерге жетті. Тасқын судың бірінші толқыны осы аптаның соңына қарай Заречный кентінің батыс аумағына келеді деп күтілуде. 2020 жылы биіктігі 3 метрге жуық бөгет салынған еді. Ол Заречныйды жыл сайынғы су тасқынынан қорғауға жеткілікті болды. Қазір коммуналдық қызмет мамандары осы бөгетті 4,5 метрге дейін көтеріп жатыр. Екі күннен бері эвакуция жүргізілуде. Алайда тұрғындардың қатарында үйлерінен кетуге бас тартып жатқандар бар. Олар су тасқыны болатынына әлі де сенбей отыр. Сол себепті қала әкімі тұрғындарға үндеу жолдады.

Серік Мұхамадиев, Петропавл қаласының әкімі:

Тұрғындарға жылдар бойы жинаған мүліктерін тастап кету қиын екенін түсінемін. Қазір адамдардың қауіпсіздігі бәрінен маңызды. Су тасқынының басталғанын күтуге болмайды. Халықтан эвакуациялық пунктерге баруды сұраймын. Ешкімнің мүлкі назардан тыс қалмайды. Қала әкімі ретінде қолдан келгеннің барлығын жасаймын.

Қазгидромет мамандары Сергеев қоймасындағы су деңгейі біртіндеп түсе бастағанын айтты. Алайда толқынның екінші деңгейі күтілуде.

Хабарламаларға жазылу