Су басқан Елтай ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Су басқан Елтай ауылының тұрғындары қауіпсіз жерге көшіріледі

18.05.2020

Шымкенттегі Бадам өзенінің іргесі нығайтылып, су жолын бөгеу үшін дамба салынып жатыр. Ол үшін каналдың етегіне 6000 текше метр қиыршық тас, 2000 текше метр топырақ үйілді. Төтенше жағдайлар департаментінің 50 қызметкері Елтай, Откорм елді мекенін лай-батпақтан тазартып жатыр. Айта кетейік, нөсер жауын Бадам өзені арнасын жырып, бетон плиталарын жұлып кеткен еді. Осылайша Еңбекші ауданына қарасты 60 үйдің ауласына су кірген. Сел көшкінінен 2 шаруашылық нысан мен 2 үйдің қабырғасы құлап қалды. Шығынды есептейтін арнайы комиссия әлі жұмысын аяқтаған жоқ. Десе де, жағаға жақын үй тұрғындары қауіпсіз аймаққа көшірілуі әбден мүмкін.

Гүлжаира ҒАЛИҚЫЗЫ


Хабарламаларға жазылу