Тасқыннан зардап шеккен аймақтардан 600 бала, 11 сауықтыру орталығына жайғастырылған. Оқу-ағарту министрінің орынбасары Еділ Оспанның дерегінше, олар - Батыс Қазақстан, Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарының тұрғындары. Батыс Қазақстан өңірінен бір топ бала Алматыдағы ұлттық сауықтыру орталығына жеткізілген. 80 оқушы Ақмола облысындағы «Жасдәурен» лагеріне жайғасты. Балалар киім-кешек, оқуға қажетті құрал-сайманмен қамтылды. Ал эвакуациялық пунктегі оқушыларды мектеп-лицейлердің жатақханаларына орналастыру әрі оқу процесін ұйымдастыру мәселелері шешіліп жатыр. «Дарын» мамандандырылған мектептері балаларды қабылдауды бастады.
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары:
Балаларға және зардап шеккендерге психологиялық көмек көрсету мақсатында жергілікті жерлерде 300-ден астам мектеп психологы жұмыс жасауда. Бала құқықтары жөніндегі уәкілдердің белсенді жұмысы ұйымдастырылды.